28.02.2018, 18:07
Қараулар: 35
Іс ізденіспен шегенделсе…

Іс ізденіспен шегенделсе…

Уақыт әрине, бір орында тұрмайды. Бүгінгі заман – өзгерістің заманы. Ағылған жаңалықтың дәуірі. Дүйім дүние дидары көз ілеспес шапшаңдықпен дамуда. Міне, Мемлекет басшысы «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты биылғы Жолдауында осыны ескерте отырып, жүйелі, табанды түрде алға басуымыздың нақты 10 міндетін алдымызға көлденең тартты.

Ел дамуы үшін аса маңызды стратегиялық құжаттың алтын арқауы ретінде цифрлы технологияларды өмірдің барлық салаларына енгізу талабын қойды. Өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, көліктік-логистикалық инфрақұрылым, тұрғын үй құрылысы мен коммуналдық сала, қаржы секторы, мемлекеттік басқару саласына айрықша мән берілді. Сонымен қатар адами капиталды дамытудың ең басты шарттары – озық білім беру жүйесін қалыптастыру, денсаулық сақтау және жұмыспен қамту салаларына баса назар аударылды.
Аграрлық саясат еңбек өнімділігін түбегейлі арттыруға және өңделген өнімнің экспортын ұлғайтуға бағытталуы керек. Бұл орайда тұтастай елімізде мол әлеует бар. Бүгінгі таңда Қазақстан көптеген елдерге қарағанда ауыл шаруашылығының таза өнімдерін өндіруші ел болып табылады. Сондықтан, аграрлық экспорттық өнімге сұраныс та көп. ХХІ ғасыр – экологиялық таза тағам дәуірі. Осы жолда біздің ақжайықтық шаруалар да ізденісті жетілдіруде. Мемлекетіміздің ауыл шаруашылығы саласын дамыту, ондағы еңбек өнімділігін арттырудың басты жол сілтер бағдарламасы Үкіметіміз қабылдаған «Қазақстан Республикасының агроөнеркәсіптік кешенін дамытудың 2017 – 2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы» болып табылады. Осы бағдарлама талаптарын орындауда, қойылған межеге жетуде ақжайықтық ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің үлесі аз емес.
Қазіргі уақытта малшы қауымның алдында тұрған жауапты науқан – мал қыстатуды және төл алуды ойдағыдай өткізу. 2018 жылдың 1 ақпанына берілген статистикалық деректер бойынша, қазір бізде 79683 бас мүйізді ірі қара, 221760 бас қой, ешкі, 31341 бас жылқы, 199 бас түйе қыстатылуда. 2017 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда мүйізді ірі қара 8237 басқа, қой, ешкі 8214 басқа, жылқы 4690 басқа артық. Бұл ретте сапа жағынан да ілгерілеу бары қуанышты-ақ. Асыл тұқымды түліктер саны барған сайын көбеюде. Осы қарқынды бәсеңсітпеу үшін еңбегі алысқа танымал шаруа қожалықтарының иелері, олардың ұжымы, солардан тәжірибе алып жүрген басқа да еңбеккерлер қолдан келгеннің бәрін жасайды деп сенеміз. Мал шаруашылығында ветеринарлық қауіпсіздікті қамтамасыз етіп, соның арқасында санитарлық-эпидемиологиялық жағдайдың қалыптылығы мен өнімдеріміздің қауіпсіздігіне кепіл қалауда тындырар істеріміз жетіп жатыр.
2017-2018 жылдың мал қыстағына есептелініп, қажетті 229050 тонна шөп, 2762 тонна жем дайындалған-ды. Бүгінгі күнге осы қордан 105657 тонна шөп, немесе 45,1%, 935 тонна жем (35,2%) қалып отыр. Демек, мал азығы жөнінде түйін жоқ. Әлбетте, алты ай қыстың аяғына дейін қырағылық қажет. Бүгінге төл алу науқаны да шеру тартуда. Ақпан айының басына аудан бойынша 1381 бас бұзау, 5876 бас қозы-лақ, 221 бас құлын алынды. Бұл былтырғы осы кезеңмен салыстырғанда 425 бас бұзау, 1009 бас қозы-лақ, 38 бас құлын артық алынып отыр деген сөз. Атап өтер болсақ, Ақсуат, Ақжол, Алғабас, Көнеккеткен ауылдық округтеріндегі шаруашылықтарда төл қабылдау ырғақты өтуде. Осының барлығы жеткілікті және сапалы дайындалған мал азығы, уақтылы атқарылған ветеринариялық іс-шаралар, малшы қауымының жауапкершілігінің нәтижесі екендігін көрсетеді. Алынған әр төлдің аман сақталуына тәжірибелі еңбеккерлердің бас-көз болуы керек.
Ауданда 276 қыстақ бар, осылардың 232-де су көзі – құдық, 176 қыстақ Бағырлай, Көшім, Грачи-1,2 өзендерінен, Киров-Чижа, Бударин, Первомай, Тайпақ су арналарының бойында орналасқан. Күні бүгінге 189 қыстақ немесе 68,5%-ы электр жарығымен қамтылған. Өткен жылы қыстақтарында электр қуаты жоқ 11 шаруа күн сәулесінен қуат алатын батарея-
лар орнатса, «Жұмық» (Мерген), «Сұлтан» (Қарауылтөбе), «Құлагер» (Ақсуат), «Өрес» (Жамбыл), «Мирас» (Тайпақ) шаруа қожалықтары күн, жел энергиясын пайдаланатын модульдық гибридтік қондырғы орнату арқылы өздерінің еңбектерін және тұрмыс жағдайын жеңілдетті.
Мемлекетіміздің тәуелсіздік ал-ғаннан бергі кезеңіне көз жүгіртіп қарайтын болсақ, небір күрделі жағдаяттарды бастан өткеруді, талай қиын-қыстау күндерді, сын-сынақтарды жұртымыз сүрінбей еңсергенін көреміз. Сол кезеңмен салыстырғанда әрине, бүгінде жетістіктеріміз аз емес. Осыны баянды етуде ауыл шаруашылығы саласының еңбеккерлері барлық мүмкіндікті пайдаланары шүбәсіз. Шаруаларымыз ізденісті шегендесе, ырысымыз еселене түседі. Соңғы уақыттары жаһандық азық-түлік дағдарысы жақындап келе жатқаны жөнінде жиі айтылып та, жазылып та жүр. Мұндай және басқа ықтимал қатерлерге қарсы амалды Елбасымыз өз халқына жолдауларында көрсетіп келеді. Алдымызда тұрған мақсат-мұраттарға жұмылсақ, небір қиындық еңсеріледі.

Руслан ҚАЙЫРМАНОВ,

аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің бас маманы.