19.06.2018, 11:24
Қараулар: 33
Ақпараттар ағыны

Ақпараттар ағыны

30 маусымда – «Таза орман» акциясы

Астананың алдағы даңқты датасы құрметіне «Таза орман» акциясына Чапаев орман және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мемлекеттік мекемесінің ұжымы да тыңғылықты дайындалуда. Бүгінде 4 орманшылықтың мамандары 30 маусымда өтетін аталған шараға ұйыса қатысу жөнінде тұрғындармен кездесулер өткізуде. — Алдын ала есеп бойынша,- дейді мекеме басшысы, облыстық мәслихаттың депутаты Мәлік Мұхтар,- акция барысында 13 техника күші пайдаланылады, тоғай алаптары мен автожол бойларын қураған, құлаған ағаштардан тазартуға біздің ұжым мен ауылдар тұрғындарын қосқанда, 460 адам қатысады. Оның ішінде «Жасыл елдің» 22 сарбазы бар. Орал-Атырау, Чапаев-Жаңақала, Чапаев-Жалпақтал автожолдары бойын көріктендіру жөнінде біраз істер тындыруға ауылдар жастары сүбелі үлес қосады.

Азамат ҚАНАПИЯ.

Демалыс және дәрістер

Астананың 20 жылдығына орай Алмалы орта мектебі жанындағы «Балауса» тынығу лагерінде елорда шежіресінен сабақтар өткізілді. Лагерьде ұл-қыздар әрине, тынығумен қатар, түрлі дәрістерге қатысады, өткен оқу жылы сабақтарын пысықтайды. Спорттық белсенділіктерін арттыру мақсатында тренинг ойындар, дойбы, шахмат жарыстары, Астананың талай елге белгілі спорттық әлеуеті туралы әңгіме сағаттары, сурет байқаулары ұйымдастырылды. Асфалтьқа суреттер салу секілді қызықты шаралар өткізілді. Ауылдағы кітапхана ұжымы келіп, ойындар ұйымдастырып, балаларға сыйлықтар берді.

Ақтолқын ЖАНҒАЛИЕВА,

Алмалы орта мектебі директорының орынбасары.

Сарытоғайдағы викторина

Сарытоғай ауылындағы кітапханада «Астана – еліміздің жүрегі» атты танымдық викторина өткізілді. Жастар, оқушылар, тұрғындар қызыға қатысқан шара барысында «Астана – елдің шырағы, жарық нұры» атты әңгіме айтылып, жас елордамыз туралы көптеген дерек-дәйектер тілге тиек болды. Жазғы демалыс лагерінің оқушылары әлемге белгілі елордамыз туралы өлеңдерін оқып, викторина сұрақтарына ықыласпен жауап берді. Бұл сұрақтар негізінен аяулы шаһардың 20 жылдық шежіресін қамтыды.

Гүлсім ТҰРАЙСОВА,

кітапханашысы.

Бөлімдегі «дөңгелек үстел»

Аудандық сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімі «Мемлекеттік қызмет көрсету – еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуының негізі» тақырыбында «дөңгелек үстел» отырысын өткізді. Аталған б-л3м басшысы Ромен Жұмағазиевтың төрағалығымен өткен бұл мәжілісте аудандағы мемлекеттік көрсетілетін қызметтерге жауапты мамандар және әлеуметтік сала қызметкерлері тақырыпқа орай өз ой-пайымдарын ортаға салды. Баяндама оқылып, қатысушыларға аталған саладағы ауқымды істердің барысы, жинақталған тәжірибе жайында әңгімеленді. Мемлекеттік және әлеуметтік сала қызметкерлеріне мемлекеттік көрсетілетін қызметтерді алу жөніндегі жадынамалар таратылды.

Сәкен САРБӨПЕЕВ,

аудан әкімі аппаратының ұйымдастыру жұмыстары және мемлекеттік қызметтер мониторингі бөлімінің бас маманы.

Мал мен құс та отқа кетті

Өткен бейсенбіде, түстен кейін Қарауылтөбе ауылындағы бір үйдің ауласында өрт шықты. «Тілсіз жау» гараж, сарай, шөп ауласын, сондай-ақ 2 бас бұзау, 1 бас баспақ, 1 бас ешкі, 25 тауықты жалмады. Барлығы 190 шаршыметр жерді қамтыған отты №34 өртпен күрес бөлімінің жұмысшы-қызметкерлері, ерікті өрт сөндірушілер сөндірді.

Келбет ШЫРАЙ.

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар