21.06.2018, 15:09
Қараулар: 470
Отандық сапалы азық-түлігіміз молаюда

Отандық сапалы азық-түлігіміз молаюда

Соңғы уақытта отандық азық-түліктің көбейе түскені сөзсіз байқалады. Лайым, осы бағыт баянды болып, берекеленіп, қанаттана түскей дейсің. Өйткені, шетелдік өнімдер сапасының төмендігі, тіпті адам денсаулығына орасан зиян келтіргені жайында мысалдар үрей туғызады-ақ. Жұмыртқадан жүн қырыққан пысықайлар «тамақтың» неше түрін Қазақстанға қарай жөнелтіп жіберу-
ден қаймықпайды ғой. Шұжықтың түрлері жайында әңгіме бүгінде балаларға да мәлім. Әрине, өз елімізде шығары-лып жатқан өнімдердің арасында күмәнділері жоқ емесіне ешкім кепілдік бермейді. Дейтұрғанмен сапалы тауарлардың қатары қалыңдауда. Бұған аудан орталығындағы сауда орындарынан әбден көз жеткізуге болады. «Бұлақ», «Ақ шағала», «Ақ бота» дүкендері, «Ақжайық» сауда үйі және басқа да сауда орындарына отандық тауарлар көптеп əкелініп, халқымызға белгілі болуда.
Ұлболсын КІШКЕНЕБАЕВА, «Бұлақ» дүкенінің сатушысы: дүкенде тұтынушылардың сұрауына орай отандық шай, сүт, астық өнімдері сатылады. Айталық, Алматы қаласының «New Formula» ЖШС-нің «Formula», «Алыс» ЖШС-нің «Жам-бо» шайлары, Петропавлдың «Молпродукт» ЖШС-нің «Айрандық», Жамбыл облысы, Жуалы ауданының Бурное сүт компаниясының «Бурненское» сүті халық сұранысына ие. Өзіміздің Орал қаласындағы «Ақ Қайнар АӨҚ» АҚ-ның «Virron» макароны, ірімшік, қаймақ, жұмыртқа, сондай-ақ облыс орталығынан қияр, картоп, қызанақ, сәбіз, тағы басқа өнімдерді сатып алушылар аз емес.
Алматы қаласының «Рахат», «Хамле» фабрикаларының күлшелері, «Евразиян Фудс Корпорэйшн» АҚ-ның «Шедевр» күнбағыс майы, Оралдағы «Батыс-продукт» ЖШС-нің «Челночок» тоқашы, «Кублейден» бұқтырылған сиыр еті, Зеленов ауданындағы «Белестен» астық халқымызға көптен танымал.
Нәбия ӘДИЕТОВА, зейнеткер, аудан тұрғыны: Күнделікті қажет тауарларды аудан орталығындағы «Бұлақ» дүкенінен сатып аламын. Өскемен қаласынан шығатын «Забота» күнбағыс майын, Алматыдағы «Серхат» ЖШС-нің ақ (шақпақ) қантын, шырайлы Шемкенттегі «Касипи» ЖШС-нің «Champion» шайын, Оралдың Желаев астық өнімдері комбинатының «Желаевский макарон» өнімдерін, қаладан әкелінетін картоп, қияр, қызанақтарын аламын. Үйреншікті болғанынан шығар, жиі келіп тұрам. Өнімдері сапалы әрі бағасы қолжетімді. Қызметкер Светлана Сағитова мен сатушылардың еңбегі зор. Бұл олардың тұтынушылармен қарым-қатынасынан байқалып тұрады, олар отандық тауарларды насихаттаушы дер едім.
Гүлжан ҒҰБАШЕВА, «Ақ шағала» дүкенінің сатушысы: Облысымыздағы Желаев астық өнімдері комбинаты АҚ-ның «Мартин» макароны, «Жастық» ірімшігі, «Белестен» ұн жаймалары, «Батыс-продукт» ЖШС-нің «Шоколадный», «Сливочный», Алматының «Баян-Сұлу», «Рахат» фабрикаларының «Лимонный», «К чаю», «Юбилейный» күлшелері, Алматыдағы «Алыс» ЖШС-нің «Жамбо», «RG Brands Kazakhstan» ЖШС «Tealand» филиалының «Пиала» шайлары, «Солнечный» ЖШС «Свежее молоко» сүт өнімдері, Қостанайдың «Утренний батончик», «Барбарис» конфеттері сатылады. Орал қаласының макарондарын, күлшелерін, жұмыртқа, картоп, жуаларын аптасына бір-екі рет алдыртамыз. Тез өтіп кететіндіктен сөрелер босап қалатын сағаттар кездеседі. Шалғай ауылдардан да келіп алатындар бар.
Нұргүл БОҒДЫБАЕВА, аудан тұрғыны: аудандағы дүкендерде Қазақстанда жасалған тауарлар өнім-дері көп. Алматы қаласында шығатын «Рахат», «Баян-Сұлу» фабрикаларының «Лимонный», «К чаю» күлшелерін отбасымызбен сүйсініп жейміз. Өз басым Қазақстанда шығатын, яғни Петропавлдың «Молпродукт» ЖШС-нің «Мумуня» сүт өнімі, Алматының «Аламан» шайы, Оралдың Желаевынан макарон өнімдері, өзіміздің Чапаевтан Лариса Мырзағалиеваның кәсіпорнынан шыққан нан, сондай-ақ халва, айран, құрма, бәліштерді ықыласпен аламыз. Барлық дүкенге жиі барамын.
Мұхит ЕСЕНҒАЗИЕВ, «Ақбота» дүкенінің сатушысы: Кәсіпкер Халел Есенғазиев бұл дүкенді 2011 жылы ашқан болатын. 2014 жылдан бастап көтерме саудаға көштік. Сөйтіп, отандық тауарларға сұраныс арта түскесін, тұтынушылардың қалауын орындауға тырысамыз. «Алматы өнімдері» ЖШС-нің өнімдерінің бізде 5 түрі бар. «Мария» кремді печеньесі, «Рыбка»-550, «Классика» крекер, «Буквоед» печеньесі, «А Product» күлшелері сөремізде тұр. Тасымалдаушылар келген сайын 15-20 қорап печенье алып қалуға тырасамыз. Себебі, дүкенге таңнан кешке дейін тұтынушылар көп келеді. Бірінші сұрыпты бидай өнімінен жасалған аталмыш күлшелер өтімді болып табылады. Біздер ай сайын жәрмеңкелер мен түрлі акциялар ұйымдастырып отырамыз. Яғни, бағаны әдеттегіден төмендетеміз және акцияға байланысты басқа да тиімді тәсілдер жасаймыз. Сол кездерде сатып алушылардың көбі «Алматы өнімдерінің» тауарларын пышақ үстінде бөліп әкетеді. Сөрелерде сіресіп тұрып қалатын өзге елдің тауарларына қарағанда отандық өнімнің күні туып тұр. Ашылғалы бері осы дүкенде жұмыс істеп жүргесін аталмыш жауапкерлігі шектеулі серіктестіктің тауарлары қашанда сапалы екеніне көзім жетті.
Еліміздің ішкі нарығын импортқа тәуелдіктен арылту жолында қам-қарекет аз емес. Тіпті кейбір негізгі тағамдар сұраныстан бірнеше есе артық өндірілуде. Импортты алмастыру бағытында мысалы, құс етінің көлемін көбейту бойынша үлкен өндірістер іске қосылуда. Иә, өзіміздікі керек, өзіміздікі! Мұның артында қалтамыздағы ақшаның шетел аспай, өз өндірісіміздің мүддесіне жұмсалуы, керек десеңіз, елжандылық, патриотизм, яғни біреудің өніміне тәуелді болмауға деген ұмтылыс жатыр.

Нұрхат МАҒЗОМОВ,

«Жайық таңы».

ЧАПАЕВ.

Суреттерді түсірген  автор және Таңатар СӘРСЕНҒАЛИ.