22.08.2018, 16:45
Қараулар: 18
Таңдауымыз – қауіпсіз әлем

Таңдауымыз – қауіпсіз әлем

Кеңес өкіметі келмеске кеткен соң, ядролық қару арсеналының біраз бөлігі Қазақстанға мұраға қалғаны мәлім. Егемендіктің елең-алаңында, онсыз да қат-қабат қиындықтар құрсаулап тұрған кезде, елімізде қуатты ядролық қарудың болуы тіпті түйіні қатты мəселеге айналды. Былайша айтқанда, оны ұстаудың, сақтаудың өзіне қаншама қаржы-қаражат керек еді… Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев барлық жай-жапсарды саралай келіп, 1991 жылғы 29 тамыздағы Жарлығымен əлемдегі ірі полигон – біздің республикамыз аумағындағы Семей ядролық сынақ полигонын жапты.

Бүгінде бүкіл əлем 29 тамызды Ядролық сынақтарға қарсы халықаралық іс-қимыл күні ретінде атап өтеді. Қазақстан осы іс-əрекеті арқылы ядролық арсенал проблемасымен бетпе-бет келген басқа да елдерге жол көрсетті.
Сол кезде еліміз аумағындағы жойқын қарулар Қытайдың, Ұлыбританияның және Фран-цияның ядролық күштерін қоса алғандағы әлеуеттен едәуір көп болатын. Оның үстіне, Семей полигонында ядролық қаруды өндіруге және жетілдіруге дайын тұрған инфрақұрылым да бар еді. Әлемде төртінші орын алған осындай қуатты әлеуеттен бас тарту, шынында да, аса күшті саяси ерік-жігерді қажет ететін-ді.
1949 жылы 29 тамызда Кеңес өкіметі Семей ядролық полигонында атом бомбасын алғаш рет сынақтан өткізді. Содан бастап КСРО ядролық қаруды тәжірибеден өткізуге бел шешіп кіріскен-тұғын. Ол үшін сынақ алаңына 18 миллион гектар жер бөлінді. Семей полигонында жарылған атом бомбаларының жалпы саны 456-ға жетіп жығылады. Соның 116-сы жер бетінде не әуеде сыналыпты. Осы аралықта тәжірибе жасалған ядролық қарулардың қуаты 1945 жылы Жапонияны қан қақсатқан Хиросимаға тасталған «Балақай» атом бомбасынан 2,5 мың есе қуатты. Мұншалықты алапат көлемде зұлмат қаруды сынақтан өткізудің зиянын жергілікті халық көрді. Қазақстан ядролық қарудың зардабын басқалардан артық тартқаны және аян.
Әлбетте, ядролық қарудан өз еркімен бас тарту Қазақстан басшылығына жеңілге түскен жоқ. Бұл жерде ең бастысы, ірі мемлекеттердің Қазақстанның қауіпсіздігіне кепілдік беру мәселесі еді. Мемлекетіміз басшысының қайрат-жігерінің арқасында бұған қол жеткізілді. 1994 жылы ЕҚЫҰ-ның Будапештте өткен саммитінде АҚШ, Ресей, Ұлыбритания тарапынан қауіпсіздігімізге берілетін кепілдіктер туралы меморандумға қол қойылды. Кейіннен ондай кепілдіктерді Қытай мен Франция тарапынан да алдық.
Ядролық қару – бүкіл адамзатқа төнген тажал. Бұл өз-өзімізді жою дегенді білдіреді. Қазақстан ядролық қарусыздану мен жаһандық ядролық қауіпсіздікті дəйекті түрде жақтайды, бұған талай мысал келтіруге болады. Республикамыздың әлемдік проблемаларды шешудегі үлесі орасан. 2020 жылы әлемдік қоғамдастық Ядролық қаруды таратпау туралы шарттың күшіне енуінің 50 жылдығын атап өтеді. Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев осы мерзімде Ядролық қаруға толықтай тыйым салу туралы шарттың қабылдануы үшін бірлесе күш жұмылдыруға шақырып келеді. Сондай-ақ біздің Президентіміз БҰҰ Бас Ассамблеясының 70-сессиясында ұйымның 100 жылдығына ядролық қарусыз бару туралы бастама көтерді.
Қазақстан халықаралық аренада ядролық қаруға байланысты өз ұстанымын нақты білдіріп, шартарапты одан бас тартуға шақырып келеді. Сондықтан шығар, бүгінде дөңгеленген дүние Қазақ елін ядролық қарумен күрестің көшбасшысы санайды. БҰҰ-ның 29 тамызды Ядролық сынақтарға қарсы іс-қимылдың халықаралық күні ретінде жариялауы Қазақстанның өнегесіне деген тағзым болып та табылады.

Бекболат ҚАЛЕНОВ.

“Жайық таңы”.

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар