17.10.2018, 17:05
Қараулар: 195
Ұстазды еске алды

Ұстазды еске алды

Ақжайық аграрлық-техникалық колледжінде білікті ұстаз болып қызмет жасаған Аманжол Таспаевты еске алуға арналып кәсіптік білім беру ұйымдары қызметкерлері арасында шахматтан облыстық турнир ұйымдастырылды. Шараға Еуразия индустриалдық-экономикалық колледжі, Орал газ, мұнай және салалық технологиялар колледжі, Бөкей ордасы, Жаңақала, Теректі, Тайпақ және Ақжайық колледждерінің командалары қатысты.
А.Таспаевтың бүкіл еңбек жолы өзі 1980 жылы (ол кезде №83 ауылшаруашылық техникалық училищесі) тәмамдаған осы кадрлар ұясында өтті. Петропавл индустриалдық-педагогикалық техникумының да түлегі болып табылатын Аманжол Темірғалиұлы өндірістік оқыту мастері, кейін аға мастер қызметтерін қарымды орындады. Ұдайы шәкірттердің қалың ортасынан табылып, олардың кәсіпке сүйіспеншілігін қалыптастыруға айтулы үлес қосты. Сондықтан бұл білім ұясының әр жылдардағы түлектері ағайларын әрдайым өздерінің нағыз ұстаз-тәлімгері деп бағалайды. Оқытушылық ісіне аса мұқияттылық, ықтияттылық секілді берік дағдысы жарқырап көрінген Аманжол Темірғалиұлы спортты жақсы көруімен де жер-жердегі әріптестерінің, жастардың, тұрғындардың есінде қалды.
Аталған турнирдің ашылу салтанатында колледж директорының оқу-әдістемелік ісі жөніндегі орынбасары Қуандық Ғабдушев пен аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Армат Хайруллин абзал ағаның шынайы мүдделілікпен орындаған әрбір ісі ешқашан ұмытылмайтынын, оқу ордаларына өнеге болып табылатынын, кейінгі ұрпаққа мұраның бірі болып қалатынын айтты.
Турнир 64 шаршыдағы осы тамаша ойынға қызығушылар қатары қалың екенін сөзсіз көрсетіп берді. Бұған атал-ған білім ордалары өкілдерінің жас ұрпаққа сапалы білім, саналы тәрбие беру жолында өздерінде шахмат та айрықша орын алатынын айтқаны дәлел.
Тартысты ойындар қорытындысымен І орынды Орал газ, мұнай және салалық технологиялар колледжі, ІІ орынды Ақжайық агротехколледжі, ІІІ орынды Бөкей ордасы колледжі мен Жаңақала колледжінің командалары иеленді.
Ойыншылардан Мақсот Күмісбаев (Шыңғырлау) пен Ұлжан Әбдірахманова (Теректі) «Ең үздік ойыншы» аталымдарымен қошеметтелді. Еуразия индустриалдық-экономикалық кол-леджінің ойыншылары «Ең жас команда», тайпақтықтар «Ең тәжірибелі команда» аталымдарын иеленді.

Нұрсұлтан ЖАНДӘУЛЕТ

Суретте: шахмат турнирінен көрініс

Суретті түсірген автор