30.11.2018, 11:01
Қараулар: 25
Жаңашылдыққа жаны құмар

Жаңашылдыққа жаны құмар

Құрман байсықов атындағы орта мектептің дене шынықтыру пәнінің мұғалімі Мұрат Меңдіғалиев  ауылдастарымыз мақтан тұтатын жанның бірі. «Нағыз өз мамандығы үшін жаратылған» деп осындай азаматтарға қаратып айтылса керек. Қоғамда адамның жеке бастамаларының, ынтасының маңызы айрықша. Осы орайда оның дене тәрбиесі, саламаттылық салты, тән мен жан саулығына ұл-қыздарды үйірудегі көптеген тың істерге ұйтқы болуы өнегелі-ақ.

«Мұғалім мамандығы – барлық мамандықтың анасы» деген. Иә, дүниедегі мамандық атаулының төресі – ұстаздық. Аудан, облыс көлемінде үнемі істәжірибелерімен бөлісіп, өз бастамасымен «Мектепте сабақтан тыс дене шынықтыру және спорттық шараларды жоспарлау» жобасын жүзеге асырып жүрген әріптесімізді ұдайы осы биіктен көріп келеміз. Әдістемелік шеберлігі үлгілі, білімді меңгертудің алуан тәсілін жақсы игерген оның оқушылары аудан, облыс, республика көлемінде танылуда.
Шәкірттерінен мысалы, Махмұд Таңатов, Аружан Ержанова, Темірлан Әбдірахманов түрлі қашықтықтарға жүгіруден, эстафетадан жігіттер мен қыздар командасы облысымызға танымал. 2006 жылдан мектепте қыздар арасында волейбол және баскетбол секцияларын жүргізеді. Оқушылары Жания Нығметова, Жанат Сүйінбаева волейболдан БҚО чемпионатында ерекшеленіп
жүр, көршілес Индер ауданының ашық біріншіліктеріне қатысады. Сондай-ақ шәкірттері «Шұбар доп» мектеп лигасының
облыстық турнирінде шеберліктерін шыңдауда. Студент атанып, оқуды ойдағыдай аяқтап, Астана, Алматы, Орал қалаларында
еңбек етіп, ағайларының мерейін тасытып жүргендердің де қатары қалың. Разита Әшімова Астана қаласында онкология және балалар гемотологиясы мамандығы бойынша дәрігер, Бибігүл Ержігітова ішкі істер бөлімінде аға лейтенант, ұстаздың
ықпалымен мамандықтарын дөп тапқан Данияр Бақышев дене тәрбиесі пәнінің мұғалімі, Азамат Сейітқалиев пен Таңат Сембаев спорт мектебінде жаттықтырушы болып қызмет атқарады. – Мұрат Мақсотұлы маған баскетбол әлемін танытты. Сүйіп шұғылданамын. Ол – психолог, әр ойыншымен жеке тіл табыса біледі. Өмірде адам болып қалыптасуымызға ықпалын
тигізді. Баскетбол – командалық ойын. Сондықтан «Бәріміз біріміз үшін, біріміз бәріміз үшін» деген қағидамен ойынға шығып,
ауылға талай рет жеңіспен оралдық. Оның басқаруымен біздің команда бірнеше мәрте облыстық жарыстарда жеңіп, республикалық чемпионатқа қатысты. 2007-2008 жылдары біз баскетболдан және стритболдан Батыс Қазақстан облысы
бойынша чемпион атандық, – дейді бүгінде онкология және балалар гемотологиясы дәрігері Разита Әшімова. «Адамның адамшылығы – жақсы ұстаздан» деп ұлы Абай айтқандай, мұғалім тәрбиесі мен өнегесі – оқушының болашақ азығы. Жақсы ұстазға кезігіп, тәлім-тәрбие алған шәкірт өмір майданында мойымай күресіп, болашақ бағытынан таймасы анық. Ұқыпты, талап қойғыш, жаңашылдыққа жаны құмар Мұрат Мақсотұлы жас ұрпақты осылай шыңдаған жан.

Айкүн ДОСҚАЛИЕВА,

Қ.Байсықов атындағы орта мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары,

Тайпақ ауылы