30.11.2018, 11:20
Қараулар: 678
Жылқымінезді жұрттың ұрпағымыз

Жылқымінезді жұрттың ұрпағымыз

Ежелден алаш жұрты туралы әңгіме болса, жылқы қатар аталған. Жүйрікті қазақ жанына балаған. Сондықтан Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» атты бағдарламалық мақаласын ер қанаты – жылқыны сүйетіндер, атбегілер қауымы жылы қабылдады.

Мақалада атқа міну мәдениеті мен жылқы шаруашылығы жер жүзіне Ұлы даладан тарағаны айтылған. Бабаларымыздан бізге қалған жылқыны баптау, бүгінде атбегілік өнерін елімізде қайта жаңғырту қолға алынып жатқаны қуантады. Түрлі мерекелік шараларда бәйгелер ұйымдастырылғанда даланы дүбірге бөлеген тұлпарлардың шабысынан қаны қызып, делебесі қозған қазақтың жаны жылқы малымен егіз екенін аңғаруға болады. Бүгінде көп адамның ат баптау ісіне батылы бара бермейді.
Алайда бұл өнер кенжелеп қалды деп те айта алмаймыз. Ең алдымен, ат баптауға үлкен жүрек, тәуекел керек. Күтіп-баптаған сәйгүлік қана топтан озып шыға алады. Ол үшін құлын кезінен баптау керек. Мысалы, ащы тері алынған соң қанжылым сумен жуындырған абзал. Жылқы түлігі табиғатынан тұнық су ішіп, шөптің шүйгінін жейді. Сол себепті төре мал тұқымын таза
ұстау әр атбегінің күнделікті жұмысына айналуы тиіс. Бәйгеге қосқан кейбір аттарымыз өзге өңірлерге барғанда сол жердің шөбін жемей, суын да ішпей қоятын кез болып тұрады. Осыны ескеріп, өз ауылымыздың шөбін, суын бірге алып жүреміз. Жылқының тектілігінің бір дәлелі осы емес пе?!

Қазір бәйге аттарымыз доғарыста тұр. Яғни қараша айының бас кезінен қаңтар айының ортасына дейін қылқұйрықтардың
жілік майын толтырамыз. Арпа, сұлы беріп, күйін сақтауға тырысамыз. Қыстың ортасынан мамыр айына дейін жарату жұмыстары жүреді. Қыс мезгілінде ат тұяғында міндетті түрде таға болуы тиіс. Оны жарамдылығына қарай жиі ауыстырған абзал.
Біз бүгінде тағаларды Алматы қаласындағы ветеринарлық дәріханалардан алдыртамыз. Бәрі де бәйге аттарының күтімі
үшін керек. Сонда еңбектің нәтижесін көруге болады. Ат спортына көңіл бөлу кезек күттірмейтін мәселенің бірі. Әзірге ауданымызда ат бәйгелері ғана жиі өтіп жүр. Басқа да ат спорты түрлеріне көңіл бөлінсе, ол ойындарға ат баптауға әзірміз. Сонымен қатар қымызы мен етін айтпағанда, жылқыға мінудің денсаулыққа пайдасы жайында жиі айтылып жүр. Әсіресе оқушыларды ат спортына баулу – дені сау ұрпақ тәрбиелеудің бірден бір төте жолы. Осы орайда ауыл-ауылда мектеп оқушылары үшін ат спортын жандандырсақ, ұтарымыз көп. Атқа мінген қазақ кеудесін ешбір жауға бастырмаған. Жүйріктің жалына жармасып, осынау ұлан-ғайыр атырапты қорғап қалған бабалар аманатына адалдық танытудың бір негізі – ат спортын өрістету.

Құбайдолла БИҒАЗИЕВ,

«Мақсат» шаруа қожалығының жетекшісі,

Тайпақ ауылы