30.11.2018, 15:16
Қараулар: 491
Кәсіпкердің балаларға сыйы

Кәсіпкердің балаларға сыйы

Қабыршақты ауылдық  округі орталығында  тұрғындарды ерекше  қуантқан шара өтті. Мұнда  балалар ойын алаңы ашылды.

Жаңа нысанның ашылу салтанатында аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Армат Хайруллин, аудандық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталықтың басшысы Әлия Шәрапиева ауыл кәсіпкері Темірболат Қаржауовтың демеушілігімен салынған балалар ойын алаңының ашылуымен қабыршақтылықтарды құттықтап, сөз сөйледі.«Шынар» шаруа қожалығының иесі Темірболат Қаржауов ісін барған сайын өркендеткен жандардың бірі. Мал өсірумен айналысқанына, міне, ширек ғасырдан асты. Ол осы нысанның құрылысы үшін 1 млн. 250 мың теңге жұмсаған. Алаңның жалпы аумағы 15х15 метр. Мұнда әткеншек, сырғанақ және керме бар. Айта кетейік, Темірболат Дүйсеғалиұлы бұған дейін аудандық мешіт құрылысына да жеке жинағымен жәрдемдесті. Ауылдағы футбол, волейбол командаларына спорттық киімдер мен басқа қажеттер алуға қамқоршы болып келеді.
Салтанат барысында ауылдық округ әкімі Тілек Кәкенов жұртына, атамекеніне жанашыр кәсіпкерге зор ризашылығын білдіріп,
естелік сыйлық табыстады. Ақсақалдар кеңесінің мүшесі Нұрсапа Жайтуғанов ауылдастарына әлденеше жүз мың теңгеге салынған алаңды ұқыпты ұстау керегін еске салды.

– Ауылда балаларымыз бен немерелерімізге арналып осындай игіліктің жасалғанына өте ризамыз. Менің бүгінде төрт немерем, бір жиенім бар. Бүкіл ананың атынан алғысымды арнаймын. Мұндай жақсы істердің куәсі бола берейік, әманда, – деді ақ жаулықты ана Жұпар Өтешова.

Әли АСҚАР, 

Қабыршақты ауылы 

Суреттерде: Темірболат Қаржауов; ойын алаңынан көрініс

Суреттерді түсірген автор