6.12.2018, 16:43
Қараулар: 749
Елдігімізді еңбекпен еңселендірейік

Елдігімізді еңбекпен еңселендірейік

Тұңғыш Президент күні ауданымызда кеңінен аталып өтті. Тайпақ ауылында 1 желтоқсанға арналып өткен шараға аудан әкімі Қалияр Айтмұхамбетов қатысты. Мәдениет үйінде өткен салтанаттағы құттықтау сөзінде ол Тұңғыш Елбасымыздың жас тәуелсіз мемлекетімізді нығайтудағы орасан еңбегі, қысқа мерзімде жаһандық дәрежедегі қайраткерлікке көтерілуі жайында баяндады.

Шарада Тайпақ кітапханасы меңгерушісі Светлана Тілекейева ҚР Ұлттық кітапханасының «Кітапхана ісінің ардагері» төсбелгісімен, электр тарату жүйесінің шебері Марат Байғазиев, әлеуметтік қызметкер Гүлмира Есенғалиева және басқалар аудан әкімінің алғысхатымен, бір топ еңбеккер ауылдық округ әкімінің алғысхатымен қошеметтелді.

Осыдан соң балалар ойын Елдігімізді еңбекпен еңселендірейік алаңының ашылуы өтті. Ұлқыздарға бұл сыйлықты бүгінде Базаршолан ауылдық округінің әкімі болып қызмет жасайтын Ерлан Темірғали сынды азаматтар бастаған Тайпақтың екі орта мектебін 1983 жылы бітіргендер тарту етті.

Елімізді еңбекпен еңселендіріп, рухани серпіліп, ауыл-елді көркейтуге жұмыла атсалысу жайы аудан орталығындағы салтанатта сөз болды. Тәуелсіздіктің санаулы жылдары ішінде Елбасының бастауымен Отанымызда ғасырға бергісіз ғаламат істер атқарылғанын баяндай келіп, аудан әкімі Қалияр Айтмұхамбетов ауданның бүгінгі әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты ауқымды істерге тоқталды.

Ол аудандық мемлекеттік архивтің архивисі Асылай Мырзағалиеваға Мәдениет және спорт министрінің Құрмет грамотасын, Чапаев орман және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мемлекеттік мекемесінің ардагері Абай Ибатовқа, Көнеккеткендегі Ораз Исаев атындағы орта мектеп директоры Нұрлан Есболатовқа облыс әкімінің алғысхатын, аудандық «Ақиқат» қоғамдық бірлестігінің теолог маманы Жалғас Маратовқа облыс әкімі орынбасары Ғабидолла Оспанқұловтың алғысхатын табыстады.

Сондай-ақ аудандық орталық аурухананың жалпы тәжірибе дәрігері Торғын Есмағамбетова, Чапаев ауылдық округінің жастармен жұмыс жөніндегі кеңесші маманы Меңдігүл Ғаббасова, аудандық балалар-жасөспірімдер туризм орталығының қосымша білім беру педагогі Әлия Иғазиева, тағы басқа мақтаулылар аудан әкімінің алғысхатына ие болды.

2014 жылы өткен «Мерейлі отбасы» Ұлттық байқауында жеңімпаздар қатарынан көрінген будариндік Сәндібековтер жанұясының отағасы, Бударин мәдениет үйі жетекшісі Нұрболат Сәндібеков Елбасының қолынан марапат алғандағы әсерлі сәтін әңгімеледі.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың өмір жолынан, саяси сахнадағы даралығынан хабар беретін бейнефильм көрсетілді. Мәдениет қызметкерлері Президенттің балалық шағынан, алғашқы еңбек жолынан сахналық көріністер көрсетті.

Айтулы күнге орай көркемөнерпаздар, мәдениет қызметкерлері концерт берді.

Бекболат ҚАЛЕНОВ

Суретті түсірген Нұрбек ИХСАН