6.12.2018, 16:52
Қараулар: 15
Тарихымызды танып-білудің жаңа кезеңі

Тарихымызды танып-білудің жаңа кезеңі

Түркі әлемінің киелі бесігі – Ұлы даламыз адамзат өрлеуінің қайнар көзі болып табылатынын Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев өзінің «Ұлы даланың жеті қыры» атты бағдарламалық мақаласында тайға таңба басқандай көрсетіп берді.

Осынау ұлан-байтақ жерді мұраға алып қалған біз өркениеттің бастауы, мәдениеттің мәйекті ұстыны болған Ұлы даланы ен жайлаған, мыңғыртып мал айдаған, мәрт әрі уәдесінен таймаған, алты Алаш ханын сайлаған, шаршы топқа түскенде шешен болып сайраған, қылышын тасқа қайраған бабалардың ұрпағы екенімізді мақтан тұтуға тиіспіз. Осыған құдіретті еңбекті еншілеп, небір қияметті бастан өткерсе де қайыспаған жұртымыздың, жеріміздің игілігін еселеуге тиіспіз.

Отарлау кезеңінде бізді – қазақтарды тарихы болмаған, болмысы, бет-әлпеті жоқ, даланы кезіп көшіп жүрген бұратана ретінде көрсету әрекеттері болды. «Қызыл империя» әдейі сөйтті. Біз сол жасырын, жүйелі түрдегі арам әрекеттердің салдарынан өзіміздің тарихымыздың сандаған беттерінен айырылып қалдық, тарихты есімізге алғымыз келмеді.

Ал енді жаһандану үрдісі ұлттың өткені мен өткергенін басқаша көзқараспен сараптай отырып, болашаққа бағдар жасауды талап етеді. Біз тарих арқылы өзіміздің болашағымызға жол салуымыз қажет. Осы тұрғыдан алғанда «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласын еліміздің, мемлекеттің дамуына үлес қосатын құнды дүние деп есептеймін. Халық төл тарихының жетістіктерін білу
арқылы, сол үшін мақтану арқылы рухтанады. Біз әлемдік мәдениеттен қалыспай, өз дәстүрімізді ұлықтауымыз керек. Бабаларымыздың қайсыбір сындарда да шарболаттай шыңдалған рухтың өнегесін көрсеткен қаһармандығын оқыпүйренумен, қайталанбас дара мәдениетімізбен, терең тарихи жадымызбен, бай тілімізбен жаһанданудың сынақтарына қарсы тұрарымыз сөзсіз.

Елбасы осыған назар аудартып отыр. Бүкіләлемдік  қоғамдастықты таң-тамаша қалдырған, баршасын қызыға да қызғана қаратқан, бірақ тылсым сырын адамзатқа ашпаған «Алтын адам» бүкіл дүниежүзінде тек Қазақстанда ғана табылды. Біреу емес, олардың
саны бірнеше болуы Ұлы дала төсінде қандай өркениеттің болғандығының сөзсіз дәлелі ғой. Ол алтынмен аптап, күміспен күптелген дүние ғана емес, сол дәуірдің өзінде ерекше мәдениеттің болғанын паш етеді. «Алтын адамдардағы» әшекейлерді алып қарайтын болсақ, зергерлік өнер туындысы қандай ғажап. «Берел» қорғанынан табылған ескерткіштердегі әшекейлер жоғары
мәдениетпен жасалған. «Алтын адамдардың» белгілері табылған сайын, жаһан жұртшылығы жалт қарап, құлағын түріп, қазақ
жерінің «алтын адамдар мекені» екенін мойындай бастады.

Қару-жарақ жасаумен шектелмей, бабаларымыз ат әбзелдері, сауыт-сайманды шығаруды үйренді. Шаруашылыққа арналған өнімдерді ғана місе тұтпай, аталарымыз таза өнерге де атсалысты. Қазіргі заманға дейiн VI-V ғасырларда бабаларымыз жасаған алтын-күміс зергерлiк бұйымдарды жасауға басқа елдер тек ғасырлар өткеннен кейiн қол жеткізген. Ал өнердің дамуы – рухани дамудың негiзi, көрсеткiшi емес пе?!

Сондықтан Елбасымыз «Ұлы дала» атты ежелгі өнер және технологиялар музейін ашу идеясын ұсынды. Өйткені ғылыми
негізделген экспозициялар жасау мен жаңа зерттеулер жүргізу – қадым замандардағы инновацияларды көрсетудің ең оңтайлы әрі қарапайым әдісі. Сондай-ақ «Ұлы даланың ұлы өркениеттері» атты жалпыұлттық тарихи реконструкциялар клубын, ежелгі
Отырар қаласының бірқатар нысандарын қалпына келтіретін туристік жоба құру, «Дала фольклоры мен музыкасының мың жылы», «Ұлы даланың көне   сарындары» жинағын басып шығару – осының бәрі тамыры терең өткенімізді танып-білудің мүлдем жаңа кезеңі басталғанын әйгілейді.

Еліміздің түрлі өңірлеріне бірнеше іздеу-зерттеу экспедициялары ұйымдастырылмақ. Ресей, Қытай архивтерінде Ұлы даламыздың шежіресіне қатысты мыңдаған жылдардың деректері сақтаулы екен. Алдағы кезде оған қол жеткізу үшін қамқарекеттер жасалып жатқаны да қуантады.

Иә, мақала көп ой тудырды. Ұлттық рух пен абыройымызға сөзсіз әсер етеді. Қазiргi жаһандану заманында жастарымыз ашық әлеммен тікелей қатынасқа түскенде, басқалардан артық болмаса, кем емес екенiн анық бiлiп, өзіне, ұлттық бірегейлігіне, генетикалык мықтылығына сенуге толық құқы бар. Өскелең ұрпақ өзінің түп-тамырына күмән келтірмей, икемдi болуға, дәуір
жаңалықтарынан қабілетті екеніне сенімді болып, бұрын ешкiм ойлап таппағанды жасауға жүрексінбесін. Бұл біздің Ұлы даланы мекен еткен ата-бабаларымыздын жолы мен аманаты.

Ата-бабаларымыздың адамзаттық өркениетке үлкен қолтаңба қосқандығына, өнерге, мәдениетке, жалпы адамның өмір сүру салтына қосқан үлесінің қомақты екеніне бағдарламалық мақала көзімізді жеткізді.

Мәлік МҰХТАР, 

Чапаев орман және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мемлекеттік мекемесінің директоры, облыстық мәслихат депутаты