6.12.2018, 16:57
Қараулар: 188
Ақпараттар ағыны

Ақпараттар ағыны

Волейболдан аудандық турнир

Тұңғыш Президенті күніне арналып волейболдан ерлер командалары арасында аудандық турнир өтті. Жарысқа Ақжол, Алғабас,
Алмалы, Базартөбе, Базаршолан, Бударин, Есенсай, Жамбыл, Жаңабұлақ, Көнеккеткен, Қабыршақты, Чапаев ауылдық округтерінен командалар қатысты. Жарыстың қорытындысы бойынша Чапаев ауылы командасы жеңімпаз атанды. ІІ орынды ақжолдықтар алса, ІІІ орынды Базаршолан мен Алмалы командалары бөлісті. Алтынбек Жоламанов (Чапаев) «Үздік тосқауыл қоюшы», Асылбек Дәулетов (Ақжол) «Үздік байланыстырушы», Ерсұлтан Кеңесов (Алмалы) «Үздік шабуылшы» және Бауыржан Ждуанов (Базаршолан) «Үздік ойыншы» аталымдарымен қошеметтелді. Турнир жеңімпаздарын аудан әкімі Қалияр Айтмұхамбетов марапаттады.

Сапар ҚАЙРАТ

«Қауіпсіз қыс» айлығы

Төтенше жағдайлар департаменті бойынша жарияланған «Қауіпсіз қыс» айлығына байланысты аудандық ТЖ бөлімі, №6
жедел құтқару жасағы және №24, 30, 18 өрт сөндіру бөлімдері мамандары 12 ауылды аралап, «Мұздағы қауіпсіздік», «Тұрғын
үй секторындағы өрт қауіпсіздігі» тақырыптарында кездесулер ұйымдастырып, мектептерде оқушыларға сақтық шараларын
түсіндірді. Өрт сөндіру бөлімдерінде «Ашық есік күні» өткізілді. Бұл шараларда тұрғындардың сұрақтарына жауап беріліп,
аталған қауіпсіздікке байланысты жайттар қаперге салынды. Жайық өзеніндегі мұздың қалыңдығын өлшеу күн сайын
жүргізілуде. Балық аулаушыларға сақтық ескертілуде. Қазір Жайық өзенінен өту өте қауіпті. Өзен жағалауларында бұл жайында белгілер қойылды. Әлеуметпен кездесулер жалғасады.

Еламан КЕНЖЕҒАЛИ,

төтенше жағдайлар бөлімнің инженері, азаматтық қорғау лейтенанты

«Бала құқығы – асыл қазына»

Аудандық психологиялық-педагогикалық түзеу кабинетінде осындай тақырыпта балалардың ата-аналарымен кездесу
ұйымдастырылды. Балалардың бойына құқықтық, патриоттық, адамгершілік тәрбиені дарыту баяндалатын бейнероликтер көрсетіліп, жиналған үлкен-кіші сергіту ойындарына қатысты. Ұл-қыздар құқығының сақталуында ең алдымен отбасылар маңызды орын алатыны жайында мысалдармен әңгімеленді.

Сұлупан НҰРҒАЛИЕВА,

тәрбиеші

«Балбұлақтағы» дәрістер

Тұңғыш Президент күніне орай Тайпақтағы «Балбұлақ» бөбекжайында «Менің тұңғыш Президентім», «Елін бастаған Елбасы»
атты дәрістер өтті. Мемлекет басшысының балалық шағында үй ішінен алған тәрбиесі, бүкіл еңбек жолы баяндалған шара еліміздің рәміздері, бай дәстүріміз, өнеріміз жайында сабақтарға ұласты. Хореограф Айнұр Иманбекова ұлттық билер, музыка жетекшісі Ғалия Әлсейітова тәуелсіздігімізге арналған әндер туралы әңгімеледі.

Жанна ОТАШЕВА

«Ерекше жандар» озды

Чапаевта Орал, Ақсай қалалары, Тасқала, Жәнібек аудандары және біздің аудан өкілдерінің қатысуымен «Ақжайық өрендері»
жастар қоғамдық бірлестігінің кубогі үшін «Еліммен мақтанамын!» деген тақырыпта «Жайдарман» ойыны өтті. Ұлттық құндылықтарымызға, еліміздің жетістіктері мен жеңістеріне арналған шарада Бітік мектеп-бөбекжай кешенінен қатысқан «Ерекше жандар» командасы үздік деп танылып, 50 мың теңгенің сертификатын иеленді. Бұған дейін «Ерекше жандар» аудан біріншілігінде көңілді тапқыштар клубы ойындарынан «Айналмалы кубокті» иеленген еді.

Анар БАЙМҰХАНОВА,

аудандық білім бөлімінің әдіскері

 

 

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар