6.12.2018, 17:17
Қараулар: 13
«Даңқты бабалар ұрпағымыз»

«Даңқты бабалар ұрпағымыз»

Қай халық болмасын өзінің тарихын білмей, болашаққа қадам баса алмайды. Біз тамыры терең шежіремізді, жылнамамызды біліп қана қоймай, оны болашақ ұрпаққа мұра етіп қалдыруға тиіспіз. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Ұлы даланың жеті қыры» атты бағдарламалық мақаласымен өз ата-бабаларымыздың ұлылығын ұмытпауға шақырды. Сонау ғасырлар қойнауынан бермен өткенімізді бағалауға және онымен мақтануға үндеді.

Бударин ауылында Президенттің аталған еңбегіне орай ұйымдастырылған «Даңқты бабалар ұрпағымыз» атты шарада осы жайында кеңінен баяндалды. Мәдениет үйінде жиналғандар алдында ардагерлер кеңесінің төрағасы Хамит Сақауов облыс
аумағындағы археологиялық қазба жұмыстарының маңызына тоқталса, ауылдық округ әкімі Шоқан Мұсағалиев көненің
көзі – алуан жәдігерлердің жас жеткіншектерді тәрбиелеудегі орнын әңгімеледі. Әйелдер кеңесінің төрайымы Ғайни Машаева Елбасының «Атқа міну мәдениеті мен жылқы шаруашылығы жер жүзіне Ұлы даладан тарағаны тарихтан белгілі» деген сөзін тілге тиек ете келіп, бүгінде атбегілік өнерді жастар арасында насихаттап,  дамыту хақында ойларымен бөлісті. Ол жұртымыздың зергерлік бұйымдарының жас ұрпақ тәрбиесіндегі ерекше орнын атап көрсетті.
Сөз алғандар өскелең ұрпақ өзінің түп-тамырын, табиғи болмысын дендеп оқып-үйренсе жігерленіп, жаңалық ашуға қабілетті екеніне сенімді болары сөзсіз екенін айтты. Өйткені жаңашылдыққа деген бейімділік, батылдық пен көшбасшылық біздің ұлттық кодымызда бар. Шара «Шеберлер шеңбері» атты көрмемен жалғасты. Еңбек ардагері, ісмер Қарашаш Ғабдолова анасының «Әрбір
әйел өз көйлегін өзі тігіп киюі керек» деген ақылын ешқашан жадынан шығармаған жанның бірі. Ол жиналғандарға матаны
таңдау жайында кеңес беріп, камзол, кимешекті тігу жөнінде тәжірибесімен бөлісті. Сондайақ енесінің көзі – қайшы, біз
инені пайдаланып тоқыған шәлі орамал, төсемшелерді таныстырды. Ардагер ұстаз Қарлығаш Сапарованың қолынан шыққан
кеудеше, сәукелелерді тұрғындар тамашалады. Мектеп оқушылары Жанар Мұрат, Самал Ихсанова апаларының көмегімен жасаған қуыршақ сандықша, құрақ көрпе, тоқыма бұйымдарды көрсетті.

Бекем БЕКҰЛЫ,

Бударин ауыл

 

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар