6.12.2018, 17:29
Қараулар: 9
Өршілдік

Өршілдік

Алты Алашқа ортақ Ақжайық өңірі – талай дүлдүлдер мен бұлбұлдарды түлеткен өлке. Батыры мен ақыны, абызы мен данагөй биі күллі қазаққа ортақ. Түгін тартсаң тарихы сыр шертетін ерке Жайықтың ертеңі мен бүгіні тек жарқын жақсылыққа, толағай табысқа, жемісті жеңіске толы. Қай қазағы да кішіпейіл, ақжарқын, бауырмал. Махамбет пен Исатайдай батырлардың өр рухын бойына дарытып, құм Нарынның етегін мекен еткен осынау топырақтан осал адам тумасы анық. Біздің бүгінгі кейіпкеріміз Жанар Бердалиева – өз бақытын, бағытын тапқан абыройлы жанның бірі. Ол білім беру саласында 30 жылдан бері үздіксіз еңбек етіп келеді.

Мұнайлы өлке, шырайлы өлке Атырауда дүниеге келген Жанар Бердалиева – бала жанының бағбанына айналған білікті педагог. 1965 жылы инженер мен мұғалімнің отбасында дүние есігін ашқан Жанар Нығыметқызы бала кезінен арманшыл, білімге
құштар болып өсті. Асқар тау әкесі Нығымет – Ақтөбе өңірінің тумасы, 26 жыл бойы геология инженері болып жұмыс жасаған жан,
бүгінде бақилықта. Ал анасы Ағираш Букеева Атырау облысының азаматшасы, Алматы қаласындағы Қыздар педагогикалық институтын бітіріп, биология пәні бойынша 30 жылдан астам уақыт мектепте еңбек еткен ұлағатты ұстаз. Ақжаулықты
анасы қазір зейнет жасында. Ширек ғасырдан аса жасаған еңбегі еленіп, «Ел ардақтысы» медалін кеудесінде жарқыратты.

«Ана көрген тон пішер» деген нақыл Жанар Нығыметқызына арналып айтылғандай. Бұлай деуге себеп те жоқ емес. Тәжірибелі ұстаз анасына ұқсап білім беру, шәкірт тәрбиелеу саласын өмірлік темірқазығы, сүйіп атқарар ісі ретінде таңдады. Анасынан үйренген тәлімі мен кәсіби деңгейін шыңдаған үстіне шыңдап, өз ортасында ізденіспен жетілдірген білімі мен адамгершілік қасиеттерімен ерекшеленіп тұрады. Соның арқасында талай балғындардың қолына қалам ұстатып, сауатын аштырды. 1987 жылы Атырау педагогикалық институтын бітіріп, ұзақ уақыт аудандық білім бөлімінде әдіскер, инспектор қызметтерін атқарды. Жұмыс бабында толағай табыстарға жетіп, марапат биігінен көрінді.

Білім саласы ұзақ жылдар бойғы еңбек пен балаға деген зор махаббатты талап етеді. Осы екеуінсіз тәрбие мен білімді қатар беретін педагогика саласында жетістікке жетемін деу бос әурешілік. Қоғамдағы экономикалық өзгерістердің ықпалымен еліміздің барша аймақтарында, облыс орталықтарында, аудан, тіпті шалғайдағы ауылдарда жекеменшік балабақшалар ашыла бастағаны мәлім.
Осындай жаңа бастаманы іліп әкеткен Жанар Нығыметқызы аудан орталығы – Чапаевта 2015 жылы тұңғыш болып өз үйінен «Аяна» жеке балабақшасын ашты. «Жол картасы – 2020» бағдарламасы арқылы бизнес әлеміне жол тартып, 6 пайыздық мөлшерлемемен 3 миллион көлемінде несие алды. Сөйтіп, жекеменшік бұл мекеме өз жұмысын бастаған болатын.
Жанар Нығыметқызы жетекшілік ететін мектепке  дейінгі білім беру мекемесінде балалардың дамуына барлық жағдай жасалған. Талапқа сай асхана, жуынатын бөлме, төсек-орын, бөбектердің жеке заттарын салып қоятын сөрелер толықтай жабдықталған. Талапқа сәйкес санитарлық-эпидемиологиялық нормалардан өткен, құнарлы, дәрумендерге толы азықтармен балаларды
күніне 5 рет тамақтандырады. Бөбекжайдағы 1-3 жас аралығындағы тәрбиеленушілер әріптерді тануды, санауды, жазу-сызуды
меңгереді. Қосымша ән-би үйірмелері жұмыс жасайды. «Аяна» балабақшасының басқа мектепке дейінгі білім беру мекемелеріне қарағанда басты айырмашылығы – аптасына 6 күн жұмыс істейді.
Тәрбиешілер ұл- қыздарды қоршаған ортамен таныстырып, соңғы үлгідегі сабақ берудің әдіс-тәсілдерін пайдалана отырып, интеллектуалдық, жеке тұлғалық қасиеттерін дамыту үшін ұлттық құндылықтарымыздың сәби өресіне сәйкес бастауларына
ерекше мән береді. Мария Мантессордың әдістемелік құрал-жабдықтарымен бөбектердің логикалық ойлау қабілетін арттыруда көп жұмыс жасалуда. – Сәби санасы таза ақ параққа ұқсайды. Оған қалай сызсаң, бала солай қалыптасады. Сондықтан енді-енді ес біліп, айналасын тануға ұмтылып келе жатқан балаға білімнің бастапқы негізін қалауда балабақша тәрбиешілерінің орны ерекше.
Сол жауапкершілікті зор  абыроймен көтеріп жүру – қиын да қызықты жұмыс. Ұжымдағы қызметкерлерді бірауыздан жұмылдыра алу, тәртіп орнату, әрқайсысының мұң-мұқтажын ескеріп, шаруашылық жұмыстарын дер кезінде қадағалау – әйел кәсіпкерге оңай емес. Дегенмен өзіңнің сүйікті ісің болса, қиындығына қарамайды  екенсің. Баламен жұмыс айрықша жауапкершілікті талап етеді. Қателесуге болмайды. Өйткені бүгінгі бала – елдің ертеңгі тірегі, – дейді тәжірибелі балабақша меңгерушісі Жанар Бердалиева.
Отбасы мен бизнесті қос қанатындай қатар алып жүрген ардақты жан – отбасында аяулы жар, асыл ана, ақжаулықты әже.
Жолдасы Мәлік Бердіәлі – Журналистер одағының мүшесі, «Ыбырай Алтынсарин» медалінің иегері, ақын, ұстаз. Ақжайық аудандық «Рухани жаңғыру» бағдарламасының жетекшісі. Қыздары Мәдина – Ақтөбе қаласындағы М.Оспанов атындағы Батыс
Қазақстан мемлекеттік медициналық университетінің түлегі. Бүгінгі таңда Ақтөбе қаласындағы емханалардың бірінде мамандығы бойынша қызметін атқарып жүр. Күйеу баласы Англияда «Болашақ» бағдарламасы арқылы білім алып келіп, үлкен компанияда
қызмет етеді. Қызы мен күйеу баласынан жиендер бар.

– «Ел есіңде бір жыл қалғың келсе – ас бер, он жыл қалғың келсе – ағаш отырғыз, ал мәңгі қалғың келсе – бала тәрбиеле» дейді дана халқымыз. Баланың ой-өрісін дамытуға, олардың қиялына қанат бітіріп, тіл байлығының молаюына біздің тәрбиешілердің сіңірер еңбегі орасан. Тәрбиешілердің, балабақша иелерінің жүгі жеңіл емес. Жас өркенге бөбекжайда дұрыс тәлімтәрбие бере алсақ, ол ертең мектепте саналы түрде сапалы білім алуға тырысады. Соның нәтижесінде елін сүйген азамат болып шығады. Бір
қарағанда тәрбиеші тірлігі егінін баптаған диқан сияқты, бірде асау толқынға қарсы жүзіп, өз балапанын баптаған құс сияқты. Бірақ нәтижесі бірден көзге көріне қоймайды. Көп жылдар өте, кезінде алдыңда бүлдіршін болған азамат таудай өсіп, еліміздің мақтанышына айналса, нәтиже сол болмақ, – дейді ардақты педагог.

Оның ойлы жүзінен өз кәсібіне деген сүйіспеншілік пен алдына қойған мақсатқа кәміл жетуге деген өршілдік лебі еседі.
Осындай өнегеге толы өмір кешіп келе жатқан Жанар Нығыметқызы қолы қалт етсе қазақ әдебиетінің жауһарлары – ақынжазушылардың кітаптарын оқиды, саламатты өмір салтын ұстанады. Ал алдағы ең үлкен асқақ армандарының бірі – жаңа
үлгідегі үлкен балабақша ашып, ел игілігі жолындағы игі істерін әрі қарай өрістету.

Гүлнәр ҚАБДЕНҚЫЗЫ 

Суреттерде: Жанар Бердалиева және балабақша тынысынан көрініс 

Суреттерді түсірген Нұрбек ИХСАН