6.12.2018, 17:55
Қараулар: 36
Жаңа дәуір көшіндегі колледж

Жаңа дәуір көшіндегі колледж

Ақжайық аграрлық-техникалық колледжі – бүгінде республикаға танымал, шежіресі бай оқу ордаларының бірі. 1958 жылы ауданымыздың Первомайское ауылында №83 Первомай ауыл шаруашылық механизация училищесі болып ашылған білім ошағына, міне, 60 жыл толды. Осыған орай аудан орталығында «Кадрлар ұясы – жаңа дәуір көшінде» атты салтанатты шара ұйымдастырылды.

Облыстың жер-жерінен техникалық және кәсіби білім беру саласының жетекшілері, мамандары, ардагерлері, осы колледж түлектері, ауылдардан өкілдер қатысқан бұл шарада оқу орнының заманға сай тынысы, кадр дайындауға байланысты алда тұрған міндеттер баяндалды. Мұнда 32 педагог, қызмет атқарады оның ішінде 4 маман жоғары біліктілік санатына, 11-і бірінші және 12-сі екінші санатқа ие. Білім ошағында шәкірттерге қазақстандық патриотизм, азаматтық және құқықтық тәрбие беру бағыттары соңғы жылдары тың сипат алды. Айталық, «Көкбөрі» әскерипатриоттық клубының мүшелері колледжішілік қана емес, жастардың патриоттық рухын көтеретін аудандық, облыстық деңгейдегі ірі іс-шараларға белсене қатысады.

Жыл басында «Арман» вокалдыаспаптық ансамблі музыкалық жабдықпен толық қамтамасыз етілді. Ансамбльдің сахналық мәдениетке, қазіргі заманғы әндер, ретро және халық әндерін үйретудегі орны ерекше. «Арман» аудандық, облыстық, халықаралық, республикалық байқауларға қатысып келеді. Волейбол, баскетбол, футбол, үстел теннисі, тренажер   үйірмелеріне студенттердің қызығушылығы жоғары. Сондай-ақ жастар арасында спорт түрлерін дәріптеу үшін спорттық-техникалық клубтар желісі ұлғаюда. Облыстық жарыстарда да шәкірттер әрдайым жүлделі орындар алады. Бірнеше жыл қатарынан колледждің құрама командасы туризм сайысынан облыстағы осындай оқу ордалары арасында бірінші орынға ие болып келеді. Бұған дейін республиканың ауыл шаруашылығы саласындағы колледждер байқауында (2012 жыл) екінші орынға ие болған оқу орны 2017 жылы «Үздік колледж – 2017» облыстық байқауында екінші орын иеленді. Биылғы оқу жылында 252 оқушы 7 мамандық, 11 біліктілік бойынша, яғни техник-механик, жануарларды ветеринарлық өңдеуші оператор, ветеринарлық техник, ағаш ұстасы, электргазбен дәнекерлеуші, экономист-бухгалтер, техникбағдарламашы, аспаз, ауыл шаруашылық өңдірісіндегі тракторшы-машинист, автомобиль жүргізуші, слесарь жөндеуші мамандықтарында оқуда. Ветеринарлық техник, аспаз мамандарын дайындауға арналған зертханалар заманауи құрылғылармен жабдықталып, жаңарып іске қосылды. «Ауыл шаруашылығы,  ветеринария және экология» бағдарламасымен 2012 жылы ашылған жануарларды ветеринарлық өңдеуші операторы және ветеринарлық техник мамандықтар топтарын аяқтаған 77 түлектің 88 пайызы жұмысқа орналасты. «Мәңгілік Ел жастары – индустрияға» – «Серпін – 2050» әлеуметтік жобасы бойынша Маңғыстау облысынан жастар  оқуға тартылып, 2016-2017 оқу жылында олардан 20 оқушы жануарларды ветеринарлық өңдеуші оператор, ветеринария мамандығы бойынша дәріс алса,
2017-2018 оқу жылында аспаз, ағаш ұстасы, ветеринария, т.б. мамандық бойынша 22 оқушы оқуда.
Соңғы жылдары кәсіптік білім беруде дуальды оқыту әдісі кең тарап, өзінің тиімділігіне көз жеткізуде. Бұл әдіс теориялық білімді
практикамен ұштастырады. Студент белгілі бір кәсіпорында машықтық жұмысты сол сабақтың үстінде қоса атқарады. Соның арқасында ол біліктілігін тез жетілдіреді. Айталық, ветеринарлық  техник мамандығы бойынша  аудандық ветеринарлық
стансаның өндірістік базасы пайдаланылады. Аспаз мамандығы бойынша 6 кәсіпорынмен келісімшарт жасалған. Дуальды оқытуға
басқа мамандықтарды да қосу жоспарлануда.

Салтанатты шарада агротехколледж директорының міндетін атқарушы Қуандық Ғабдушев құттықтау сөз сөйлеп, оқу орнының тұрақты әлеуметтік серіктестері Чапаев орман және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мемлекеттік мекемесінің басшысы Мәлік Мұхтарға, «ЖайықТехСервис» МКҚК басшысы Әлжан Досмақовқа, аудандық ветеринарлық стансасы басшысы Асхат Әбдешовке, «Керемет» сауда кешенінің меңгерушісі Қанымқия Досқалиеваға, «Нұр» кафесінің меңгерушісі Балқаш Нұржановаға алғысхаттар табыстады. Аудан әкімінің орынбасары  Тілек Ғабдушев құттықтау сөзінде: «Бұл оқу орнының шәкірттері білім сайыстарында облыстық деңгейде ғана емес, республикалық, халықаралық додаларда топ жарып жүргені ақжайықтар үшін зор мақтаныш.
Агротехколледж шежіресі алдағы кезде бай жетістіктермен толығары сөзсіз», – дей келе колледж директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Динара Шәріповаға «Нұр Отан» партиясының алғысхатын табыстады. БҚО білім басқармасы облыстық оқу әдістемелік кабинетінің «Техникалық және кәсіптік білім беру бөлімі» басшысы Райгүл Қуанышалиева қол жеткізген табыстары мен білім беру саласына қосқан үлесі үшін ҚР Білім және ғылым министрлігінің Құрмет грамотасымен колледж психологі Нұргүл Азенованы марапаттады.

Шығармашылық ізденісі және өскелең ұрпақты оқыту мен тәрбиелеудегі табыстары үшін БҚО білім басқармасының Құрмет грамотасымен жатақхана меңгерушісі Нұрсұлу Хамзина, қазақ тілі мен әдебиеті пәні оқытушысы Гүлфина Кәрімова, математика пәні оқытушысы Айгүл Құлманова, шеберхана меңгерушісі Иманғали Таспаев, арнайы пәндер оқытушысы Исатай Қансұлтанов, БҚО білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағы ұйымының Құрмет грамотасымен колледж бастауыш кәсіподақ ұйымының
төрағасы, аға шебер Жарас Сағындықов, колледж әдіскері Айнагүл Тәшенова мен тарих пәнінің оқытушысы Тілеужан Хасенов қошеметтелді. Колледждің фольклорлық ансамблі, хор ұжымы, «Арман» вокалды-аспаптық ансамблі, түлектері концерт берді.
Мерейтой иелерін облыс аудандарындағы әріптестері құттықтап, естелік сыйлықтар табыстады.

Әли АСҚАР

Суреттерді түсірген автор