1.02.2019, 14:38
Қараулар: 7
Қаһарлы жылдар, қайсар ана

Қаһарлы жылдар, қайсар ана

Жұбан Молдағалиев атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханасының оқу залында Ақжайық ауданының Атамекен ауылындағы қосымша білім беру педагогі, белгілі өлкетанушы Жәнібек Әбілпейісовтің «Хаттар сыры» атты кітабының тұсаукесері өтті.

Бұл кітап – автордың Ақылбек Дәулеткереевтің отбасылық архивінде 80 жылға жуық сақталған көне хаттарды арқау еткен деректі шығарма. Яғни кітапта дүние жүзін шарпыған Ұлы Отан соғысына бір шаңырақтан аттанған төрт азаматтың қасіретті тағдыры мен осы төрт ұлынан бірдей айырылған ананың өмірі суреттеледі. Абзал ана тағдыр сынағына мойымай, төрт ұлдан қалған жалғыз немересін жетілдіріп, төрт шөбере сүйеді. Ата шаңырағын шайқалтпай, түтінін түзу ұшырған Бәлиза ананың бейнесі қайсар қазақ әйелінің символы іспетті. Сонымен қатар кітапта төрт ұлдың майданнан жазған хаттары, соғыс даласындағы ұлға қыздың елден жазған ғашықтық хаттары шынайы, ешқандай бояу-қоспасыз берілген.

Айта кету керек, танымал журналист Есенжол Қыстаубаев осы кітапқа арқау болған хаттар жайында сәл ертеректе облыстық «Орал өңірі» газетіне екі мақала жариялаған. Тұсаукесер үстінде сол мақалалардың «хат авторлары анықталып, ұрпақтары үн қосар» деген мақсатта жазылғанын айтқан ардагер журналист жаңа кітапты ұрпақтан-ұрпаққа мирас болып қалатын дүние деп бағалады. Ал кітаптың жарық көруіне демеушілік танытқан кәсіпкер, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері Ақылбек Дәулеткереев игі іс
атқарған азаматтарға алғысын білдірді.

Ақылбек Дәулеткереев – кәмпескелеу кезінде большевиктердің қолынан қаза тапқан Қаби Мұқатұлының екінші ұлы Дәулеткерейдің жалғыз тұяғы – Ғаділдің ұлы. Дәулеткерей майданда қоршауда қалып, тұтқынға түседі. Тұтқыннан қашып шыққан ол Кеңес әскеріне қайта қосылады. Алайда соғыстан соң «саяси сенімсіз» ретінде тұтқындалып, түрмеде көз жұмады. Қабидің үлкен ұлы Бақтыгерей мен ортаншы ұлы Ғабдыжан соғыста хабарсыз кетіп, Ғалымжаны майданда опат болады. Кейін Ғабдыжанның «Қызыл Жұлдыз» ордені анасының қолына тиеді. Бәлиза ана ұлдарының хаттарымен бірге Ғалымжанға сүйген қызы Мақпал жазған хаттарды да сақтаған…

– «Хаттар сыры» деректі кітабындағы хаттарға қарап, сол кездегі хат жазу мәдениетін, елдің тағдырын көреміз. Сол кездегі ата-әжелеріміздің сезімге адал, махаббатқа берік, кіршіксіз көңілін айқын аңғарамыз. Бұл – жас ұрпаққа ашылмай қалған тарихты тағы да бір таныстыру. Елімізде Ұлы Отан соғысының өртіне шарпылмаған отбасы жоқ. Ендеше, бұл шығарма әр қазақтың жүрегіне  жақын, түсініп, сезініп оқитындай кітап болады деп сенемін, – деді автор шара барысында.

Ясипа РАБАЕВА,

«Орал өңірі»