1.02.2019, 15:58
Қараулар: 10
Қоқысқа тұрғындар да кінәлі

Қоқысқа тұрғындар да кінәлі

Өткен аптада ауыл әкімдерінің есептік кез десулері мәреленді. Сан — қырлы тірлікпен қатар биылғы осы шараларда елді екендердің санитарлық тазалығы жайында көп әңгіме болды. Кездесулерде аудан әкімі Қалияр Айтмұхамбетов бұл тақырыпқа қатысты қадау-қадау жоспар, міндеттерді тұжырымдады. Ол тұрғындардың көріктендіру ісіне жауапкершіліктерін еске салып, біраз қаржы жұмсалып жатқан мәселеде қайтарым болу керегін түйіндеді. Осы тақырып Чапаевтағы кездесуде де айтылмай қалмады.

«Айтақтай, айтақтай қасқырдан да ұят болды» депті баяғыда біреу. Үйлер маңайының, көшелердің ыбырсып жатуы қанша айтылып, соңы тіпті үлкен дауға ұласып жатуы сол сөзді еске түсіреді. Көшелерде «қаңғыған» полиэтилен пакеттер, пластик құтылар қарап тұрсаң құт қашырады-ақ.

Қалдық-қоқыстың айналаны бүлдіріп жатқанына бас ауыртатындар сирек. Таң қараңғысында үйден алып шыққан қоқысты
«аузы апандай» контейнерлерге салмай, аяқ астына тастай-тастай қашатындар жетеді. Ең сорақысы, солардың «қызығын» көше кезген иттер мен сол маңайлардан шықпайтын сиырлар ғана көріп жүр. Ырылдасып, жуындыны жұлмаласып жатқан бұралқылар
мен қоқысты қопарып жатқанда басына пакет киіліп қалған сиырларды көру үйренішікті көрініске айналып кеткені ме?

Қар еріп, көктем шықса болды гүлдеген бәйшешектей жер бетінде пакеттер «жайқалып» шыға бастайды. Оларды жинау үшін
дүркін-дүркін сенбіліктер ұйымдастырып, көше-көшені тазалаймыз келіп. Сөйтіп, қыс бойы өзіміз шашқан қоқысты көктемде өзіміз қансорпа болып жинаймыз. Парадокс қой.

Мысалы, аудан орталығындағы Достық көшесінде орналасқан көпқабатты үйлердің маңындағы настық көп әңгіме болып келеді.
Тазалық көңіл көншітпейтін басқа да тұстар толып тұр. Сол шашылып жатқан заттың жиналмауын бір-бірімізден көруге шеберміз.
Әйтеуір қоқысты шашпайтөкпей, контейнерлерге салып жүрген тұрғындарға қарағанда тазалыққа мән бермеушілердің үлес салмағы көп-ақ. Чапаевтағы Гагарин көшесіндегілер өз қаржыларына жасалған бірнеше контейнер орнатып, басқаларға зор үлгі көрсетті. Қазір ол көшеде ыбырсыған салақтық сөз болмайды десек, артық айтқандық емес.

Чапаев әкімі Нұртаза Нәбиденовтың айтуынша, ауылда бұған дейін 60 контейнер болған. Жақында тағы 20 контейнер сатып алынған. Сонымен қатар аудан орталығында 6 контейнер алаңдары дайындалып, оған бөлек-бөлек пластмасса, шыны құтылар, қағаз қалдығын салатын 19 контейнер орнату жұмыстары жүргізілуде. «Ауылын көріп, азаматын таны» дегенді естен шығаруға
болмайды. Аудан басшысының айтуынша, Чапаев көшелерінде жайлылық пен реттілік үшін көзделіп отырған тың істер бар. Әңгіме соны жұмыла қолдауда, бағалауда ғой. Жиында қатысушылар тарапынан айтылған ұсыныстар да соған меңзейді.

Бекболат ҚАЛЕНОВ

 

Қуаныш ЖҰМАҒАЛИЕВ: – Н.Майданов саябағындағы жарық шамдарын сындырып кеткен оқиғалар ұшырасты. Ауылдың
сәнін асыруға тиісті саябақ қараусыз қаламаса екен.

Светлана БЕЙІМҒОЖИНА: – Жұбан көшесінде жарық шамдары аз орнатылған. Балаларымыз кешкілік сабақтан келер уақытта
қиынға соғады. Оған қоса осы көшеде бұралқы иттер өріп жүр, бұған кім тосқауыл болады?

Қанатқали ЖАСПАНБЕТОВ: – Мен мұнай базасында 43 жылдан бері тұрамын. Біріншіден, оған баратын қатқыл жол тегістелсе
дейміз. Екіншіден, сол жердегі электр бағаналарының сымдары жерге өте жақын тұр. Тіпті созсаң қолың жетеді. Қауіпті-ақ.