1.02.2019, 16:08
Қараулар: 82
Аудан тұрғындарына, шаруашылық құрылымдары жетекшілеріне, кәсіп иелеріне ҮНДЕУ

Аудан тұрғындарына, шаруашылық құрылымдары жетекшілеріне, кәсіп иелеріне ҮНДЕУ

Қадірлі ағайын!
Бұл қыс алғашқы апталарынан-ақ қардың мол түсуімен тірлікке қосымша қиындықтар әкелгені мәлім. Сөйтіп, өткен қуаң жаз маусымында біраз жерде өте қарбаласпен дайындалған малдың қыстық жем-шөбі жөнінде бүгінде әбігер туып отыр. Өйткені желтоқсанда түскен жауыннан, ылғалды қардан жайылымды мұз құрсап, көп ауылда жылқы қолға қарап қалды. Ойламаған жерден келген осы жайт тұрғындардың да, қырдағы кейбір шаруа қожалықтарының да пішен қорын селдіретуде.

Ауданда мал қыстағын ұйымдастыру жөнінде штаб осындай жағдайдың неғұрлым күрделенбеуі үшін қолдан келген амалдың бәрін жасауда. Көптеген ауылға, қыстаққа қосымша құрама жем жеткізілуі, автожолдардың қардан тазартылып тұруы күнделікті қаперде ұсталуда.

Өкінішке қарай, тұрғындардан жер-жерде шөптің әлдеқайда қымбаттап кеткені жөнінде шағымдар дүркін-дүркін естілуде. Яғни
аулаларында, күтірлерінде өздерінен ауысатын пішен қорлары барлар басқалардың мәжбүрлілігін пайдаланып, мысалы буылған
шөптің әрбірінің құнын 12 мың теңгеге дейін жеткізген. Бұл сайып келгенде «Жығылған үстіне жұдырық» екені айтпаса да түсінікті.

Бізді осы жайт мазалайды. Елдігімізге сын шақта түсіністік, ынтымақ, сергектік болуы қажеттігін барлық ағайынның қаперіне
саламыз. Адамның адамдығы осындайда емес пе. Яғни мал азығына байланысты басқаларға ауыз-түйіс жасауға мүмкіндігі
бар азаматтар қыраулы кезең әкелер қиындық қашан да әркімнің басына түсуі ықтималдығын естен шығармағаны жөн. Сөйтіп,
қысылғандардың қиындығын азайтып, ата-бабаларымыздың «Қайырылмай кетпе, қарағым!» деген өсиетіне жүгінгені абзал
дер едік. Қолында техникасы бар жігіттеріміз де маңайынан көмек күткендерге қолғабысқа келсе, қандай ғанибет болар еді.

«Адам күні – адаммен». Алты ай қыстың ауыртпалықтарын мүмкіндігінше бірлесіп көтерейік. Тіпті кішкене жақсылықтың өзінің
мың сауабы болатынын білейік.

Аудандық ардагерлер кеңесі