1.02.2019, 16:35
Қараулар: 17
Өмірді мейірім қорғайды

Өмірді мейірім қорғайды

Тірліктегі басты құндылық, мемлекеттің ең қымбат қазынасы, әрине, адам өмірі болып табылады. Өкінішке қарай, Жаратушы иенің сыйы – тірлікті, өз ғұмырын бағаламай, өз өміріне балта шауып, ажалынан бұрын жарық дүниемен қоштасатындар қаншама. Бұл бүкіл әлемде бар. 

Дүниежүзілік Денсаулық сақтау ұйымының зерттеулеріне сүйенсек, аталмыш дерт жөнінен Қазақстан үшінші орында, Орталық Азия елдері бойынша бірінші орында тұр. Ауыр болса да, үрейлі дерек, айтуға мәжбүрміз. Әлемде әрбір 40 секунд сайын, ал біздің елімізде әр сағат сайын бір адам өз-өзіне қол жұмсайды екен. 

Әлемдегі білікті психологтер өмірдің ең ауыр сынақтары өзін-өзі өлтіруге себеп емес, сылтау ғана екендігін айтады. Қалай дегенде де, бұл тақырып әркімді мазалауы керек-ақ. Мәселенің ұңғыл-шұңғылы жетіп жатыр. Кейде бақуатты, тұрмысы ойдағыдай жандар да суицидке барады. Өзін-өзі өлтіру фактілерінің біразының себебі неден екенін білу де аса қиынға соғып жатады.

Төңірегімізге қарайық. Жалғызсырап жүрген жан жоқ па?

Егер үлкен болсын, кіші болсын, қоғаммен байланысын үзе бастаса, жалғызсыраса, әлгі ой оны төңіректей бастамақ. Бұл жалғыздық өзін ешкімге керексіз сезінуге дейін жеткізеді. Иә, бұл дерттің шынымен ХХ ғасырда және одан бермен кезеңде кең
жайылуының бір себебі осында жатса керек. Әйтпесе бұдан да ауыр замандарды бастан кешкен адамзатта сондай жағдай бұрын
соншама көп кездеспеген.

Ауданымызға келсек, бұлай мерт болуымен өткен жылы Бударин ауылында – 2, Қарауылтөбе ауылында 3 жағдай ұшырасты. Солардың төртеуі 45-50 жас аралығында, біреуі зейнеткер. Олардың үй-ішімен психопрофилактикалық жұмыстар жүргізілді, мектеп жасындағы балалар психологтердің үнемі бақылауында. Осы жерде жуырдағыдан мысал айта кетейін. Алкогольді ішімдікті жиі қолданатын және жұмыссыздар тіркеуінде тұрған, отбасында ата-анасымен және мектеп жасындағы бір баласымен тұратын, әйелінен ажырасқан Н. – жас азамат. Біз онымен байланыс жасап, арнайы диагностикалық тест өткіздік. Қорытындысында күйзелістің жеңіл түрі және суицидке деген бағыты бар екені анықталды. Бұл қатерді төмендету мақсатында психопрофилактикалық түзету жұмыстары жүргізіліп, қазір ісіміз оң нәтижесін көрсетуде. Отбасы мүшелеріне де психологиялық көмек ұйымдастырылды, әлеуметтік жағдайының төмен болуына байланысты қолайсыз отбасы ретінде тіркеуге алынды. Мектеп жасындағы баласымен психологтер жұмыстанып жүр.

Ең басты айтайын дегенім, біздің бір-бірімізге деген мейірім, оң қабақ, обал-сауапты білу, айналамызға деген адамдық пейіл өмірге қуат беретіні мәлім. Дүние сәт сайын құбылып тұрған мына дәуірде бізге бұлар ауадай қажет-ақ. Өмір сүруге оң ықпал ететін бірнеше факторлар болады. Ол – тату-тәтті отбасы, махаббат, ұл-қызға ата-ана қамқорлығы, жөнді тәрбие, мінездің орнықтылығы, ұстамдылық. Бір сөзбен айтсақ, бәрімізге өмірге деген жауапкершілік керек. Мұны сезінген адамға осындай қасиеттер кез келген проблемаға қарсы тұруға көмектеседі.

Балауса сана солғын тартпасын

Ел-елде күйзеліске (стресс) ұшыраған жасөспірімдер өз өмірлерін өздері қиып жатады. Кездескен мәселені шеше алмай, уайымға салынған, жеке басының себептері: біреулермен жанжалдасу, достарымен ұрыс-керіс, сәтсіз махаббат, ата-аналарының түсінбеуі
және оған зорлық көрсетуі сияқты отбасындағы күрделі психологиялық жағдайлар біздің елде де, басқаларда да жиі кездеседі. Маңайынан мейірімсіздік, немкеттілік көрумен қатар қаржы мәселесі, ғаламтор, ойынқұмарлық және жасөспірім бойжеткендердің жүктілігі тағы себеп болып қосылуда.

Балалардың суицидтік мінез-құлқының алдын алуда, әлбетте, отбасы, педагог, психолог, әлеуметтік педагог басты рөл атқарады. Біздің ауданда да аталған мамандар жасөспірімдерді өте тосын әрекетке жеткізуі ықтимал
көңіл-күймен күресіп келеді, ата-аналармен тиісті жұмыс атқарады, көмек береді. Атааналарға өз баласына сауатты көмек көрсетуі үшін, оны түсінуі мен қолдауы үшін жеткілікті біліммен қарулануы керегі біздің басты назарымызда ұсталады. Әке-шешелердің педагогикалық мәдениеті неғұрлым мол болған сайын, олар өз балаларына жалпыадамзаттық және адамгершілік құндылықтарды
соғұрлым көп меңгертеді. Сынып жетекшілер диагностикалық, ағартушылық, түзету-дамытушылық жұмыстар жүргізеді. ЮНИСЕФ бағдарламасы бойынша оқытылған жалпы тәжірибе дәрігерлері де тұрғындармен алуан істі орындап келеді. Мысалға: ауданымызда биыл мектептердегі 8-сыныптарда жүргізілген суицид превенциясы бойынша анықталған бір оқушымен қазір аталған дәрігерлер мен психологтер жұмыстанып жүр. Өмірді сүю белсенділігінен ауытқу ықтималдығы байқалған ересек
болсын, жасөспірім болсын, психопрофилактикалықәлеуметтік түзетуден шет қалмауы тиісті.

Білім беру мекемелерінде, басқа да мекеме, ұйымдарда жедел психологиялық көмек алу жолдары ұмытылмауы керек. «Сенім телефондары» үздіксіз жұмыс жасап, оның нөмірлерімен тұрғындарды құлақтандырып отыру да қажет. Әлдебір қауіп, яғни жалғызсырауға ұшырап, күйзеліске тап болып жүргендер байқалса, дәрігер мамандарға (психиатрларға, психотерапевттерге, суицидологтарға) жүгіну ұйымдастырылуы қажет. Бала тәрбиесіне ең әуелі ата-ана мүдделі болуы жайында айтып жату артық. Бала мектептен тыс уақытта немен шұғылданатынын, қайда барып, не істейтінінен хабардар болып, бағыт-бағдар беріп отыру – қасиетті парыз.

Еріккендерге ерме

Компьютер, планшет немесе телефонға үңіліп отырған бала ондағы бейнекөріністер, суреттер, тіпті өз-өзіне қол жұмсағандардың әрекеттерін көреді. Бұл суицидтік әрекетке итермелеуі әбден мүмкін. Иә, әке-шешелер, басқа да үлкендер соны байқастап, әлгіндей
сурет, бейнекөріністерден ұл-қыздарға түк пайда жоғын айтып жүргені абзал. Оқушылар арасында тосын мінез-құлықты
анықтау, алдын алуда сынып жетекшілердің, мұғалімдердің орны үлкен екені шүбәсіз. Негізгі мақсатымыз – оқушыларымызға
өмір құндылықтарын насихаттау, жақсылық жасай білу, тектілік, мейірімділік, білімділік, әдептілік сияқты қасиеттерді бойына
дарытқан парасатты, пайымды, зерделі, жалғыз ата-анасының ғана емес, елінің, Отанының патриоты болуға тәрбиелеу.

Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбарымыздың хадистерінде өзіне-өзі қол салу ауыр күнә ретінде сипатталады. Алланың елшісінен жеткен бір хадисте: «Бір адам өзін таудан тастап өлтірсе, ол адам жаһаннамда (тозақта) болады. Сөйтіп, өзін мәңгі тозаққа тастайтын болады. Ал бір адам у ішіп өзін-өзі өлтірсе, сол уды тозақта мәңгі ішетін болады» делінген.

Айыра біл: не бұрыс, не дұрыс?

Салафиттер дейміз бе, уахабшы дейміз бе, әйтеуір, исламның тонын теріс айналдырып киіп, оның асыл құндылықтарын бұрмалап
жеткізіп, қазақтың ғасырлардан осы дінмен біте қайнасып келе жатқан салт-дәстүрлерін мойындамайтындар көбейді. Олар қазақтың ең қастерлі құндылықтарының күлін көкке ұшырғысы, дәуірлер сынағынан өтіп жеткен әдетғұрыптарымыздың құнын
түсіргісі келеді. Осы арқылы ең ұрымтал жерімізге пышақ ұруды көздейді. Әйтпесе, жыр жаттап, әнмен сусындап өскен елімізге ән айту, музыка тыңдау күнә дегенді естіген ауыр демей көріңіз. Алақан жайып үлкеннен бата алу, келіннің үлкендерге сәлем салуы, тағысын тағы дағдыларымызды жоққа шығарып бағу да деструктивті дінге ден қойғандардың әдеті. Немесе мұртсыз сақал қойып,
шолтаңдатып қысқа балақ шалбар кигенді қай атамыздан көріп ек.

Солардың үгітіне еріп кетіп, сол шеңберден шыға алмай қалып, ақыры өкініштен өзегі өртенген жастарымыз қаншама елімізде. Сөйтіп, ашық күнде адасып, пұшайман болады, өмірден түңіледі. Нихабы бар, пәренжесі бар, хиджабы бар, қап-қара киімге оранған қаракөздерімізді көшеден кездестіру де күнделікті көрініске айналды. Қазақстан заңнамаларында тыйым салынғанына қарамастан, заңда кәмелет, дінде бәлиғат жасына толмаған, әлі оң-солын танымайтын балаларына да өз діни сенімін таңып, бүркеп қою бүгінгі дертіміз. Содан келіп балалардың жан дүниесі аумалы-төкпелі өзгеріске түсетінін айтып жату артық.

«Мен жастарға керітартпалық жасамаңдар деп ескертемін. Қара жамылмаңдар, бұл қазақтарға, жалпы баршамызға тән емес», – деп діни киімге қатысты Елбасының да ескерту жасауы мәселе мемлекеттік деңгейге дейін жеткенін аңғартады. Тиісті заңнамаға бетті тануға кедергі келтіретін, деструктивті діни ағымдарға тән киім кигендерге айыппұл түрінде жаза қарастыру көзделіп жатқаны мәлім. Қалай дегенде де, біз балаларымызды керітартпалықтан, күмәнді әлдебіреулердің бұрыш-бұрышта айтатын насихатынан, айдап салуынан, білгішсінуінен қорғай білуге, жас ұрпақтың өмірін сақтауға тиіспіз.

Арайлым ИБРАЕВА, 

аудандық орталық аурухана психологі

Түсініктеме

How Much Is Viagra Without Insurance Discount fedex isotretinoin with overnight delivery medication overseas Cephalexin While Breastfeeding generic 5mg cialis best price Buy Cialis Online With Prescription Vendita Propecia Online