1.02.2019, 16:57
Қараулар: 12
Ішімдік қоғамды ірітеді

Ішімдік қоғамды ірітеді

ХХ ғасырда арақ-шарап ішуді жаппай дағдыға, дастарқанның сыйлы «дәміне» айналдырдық. Сөйтіп, бұл жөнінде әлемде алдыңғы орындардың біріне шықтық. Мына ғасырда да сол қарқынмен келеміз.

Төңірекке қарайықшы. Бізден гөрі талай шаруасы түзу, тұрмысы ілгері елдерде біз секілді «шайтанның суына» уыс-уыс ақша жұмсауды, арақтың артынан қуып жүріп ішу дегеннің не екенін білмейді. Оның есесіне ақшасын рухани байлыққа, баспанасын баптап, көгалдандыруға жұмсайды.

«Қазір бұрынғыдай емес, арақ ішетіндердің қатары сиреді» деген әңгіме естіліп қалады. Жақсы, солай болсын. Бірақ маскүнемдіктен жалғызжарым келеңсіз оқиға, яғни отбасындағы берекетсіздік, балаларының аузынан жырып ішу немесе жаға ұстататын бір қайғылы оқиғаның өзі-ақ сол «сиредінің» басына су құяды емес пе?!

Біле-білсек, мына заманда арақ атаулымен жанқанымызбен ымырасыз, қас болуға тиіспіз. Ақыл-есті құртып, байқатпай іштен ірітіп, жаныңды  да, тәніңді де шірітетін бұл жаудың қасіретінен қазаққа ащы сабақ жеткілікті емес пе?! Көк шөлмекке сыйғанмен,
адам ішіне сыймайтын, яғни мылжыңдық, оттаубайшылық, есалаңдық, сойқандықтың деңгейіне жеткізіп, ақыры күніңнен бұрын көрге сүйрейтін әз-әзілден қазақтың қасіреті аз ба?!

Бірнеше тәулікке қамаққа алынып, үйінде онсыз да қаржы тапшы жағдайда айыппұл төлеуге мәжбүр болу, міне, осындай жайлардың бастауында араққа салынушылық тұр. Бұл – бұл ма, адам өлтіру оқиғаларын қайда қоясың де.

Былтыр чапаевтық бір тұрғын қызғын күйінде өзінің жездесіне пышақ салып алды. Жәбірленуші жарақаттан көз жұмды.

Бір ауылда тойдан тарап жатқандар арасындағы жанжал төбелеске ұласып, 53 жастағы тұрғын пышақ жарақатынан мерт болды.
Тағы бір ауылда орта жастағы азамат ішіп алып, мотоцикл жүргіземін деп қатты құлап, миы шайқалды. Сол өткен жылы ауданда екі тұрғынның алкогольдік ішімдіктен улануы, денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтірудің 3 оқиғасы тіркелген. Полициядағы,
ауруханалардағы осындай деректерге қарап отырсаң, бойың тітіркенеді.

Арнайы рұқсаты жоқ болса да арақ-шарап сататын дүкен иелері де бар. Былтыр сондай 10 құқық бұзушылық анықталып,
тиісті айыппұлдар салынды. Заңды бұзып, спиртті ішімдікті түннің бір уағында сататындар да кездесіп қалады. Сөйтіп, олар
жұртты улауға үлестерін қосып жатады. Тегеурінді тексеру керек-ау.

Сыраның буы, арақтың уы неге апармайды деңіз. Біз жол-жөнекей айтқан әлгі мысалдардан-ақ азаптың лебі сөзсіз сезіледі.

Ес жинайтын күн жетті. Мына заман осыған меңзейді. Төңірекке қарайық. Бұл – қатаң заман, маскүнемдік тіпті қымбатқа түсетін заман.

Гүлсім КӘРІМ