4.02.2019, 10:29
Қараулар: 166
Өрендерге аманат

Өрендерге аманат

Кеңес әскері шектеулі контенгентінің Ауған жерінен шығарылғанына 30 жыл толуына байланысты бұрынғы интернационалист жауынгерлермен жүздесулер, ерлік сабақтары өтуде. Қарауылтөбе ауылындағы орта мектепте Ауған соғысының ардагерлері, аталған білім ұясы басшысының шаруашылық істері жөніндегі орынбасары Есенжан Сисенов және «Қанат» шаруа қожалығының
иесі Бауыржан Ізімовпен жүздесу ұйымдастырылды. Қарауылтөбеден сол соғысқа Есенжанның бір туған бауыры Біржан Сисенов пен бүгінде марқұм Құсайын Жүсіпов, яғни төрт азамат қатысқан болатын.

Кездесу барысында шәкірттер ерлік тақырыбына өлеңдер оқыды. Тұрғындар да шақырылған бұл шарада сонау елдегі соғыс қимылдарына сол кездегі Кеңес Одағынан әскер қатыстырылып, адам шығыны да, жұмсалған қаржы шығыны да көп болып, бұл КСРО тұсындағы тарихымыздың ең қайғылы беттерінің бірі болғаны жайында айтылды. Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін бірден бейбітшіліксүйгіш саясатты мығым жүргізді, осы бағытты барған сайын бекемдеуде. Әңгіме барысында ардагерлер және мектеп түлегі, «Алтын белгі» иегері, болашақ заңгер Сұлтан Сағынаев осы жайында айтты. Ардагерлер оқушыларға, жастарға тыныштықтың қадірін білуді, еңбекке үйір болуды аманаттады.

Нұрдана АХМЕТОВА,

тарих пәнінің мұғалімі,

 Қарауылтөбе ауылы