4.02.2019, 11:24
Қараулар: 20
Боздақты еске алды

Боздақты еске алды

Чапаевтағы аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесі Ауған соғысында мерт болған Нығыметолла Тілеулинді еске алу кешін ұйымдастырды. Нығметолла Базарбайұлы 1960 жылы ауданның Есенсай ауылында дүниеге келген. 1977 жылы Чапаев ауылындағы орта мектепті тәмамдап, 1978 жылы Алматы қаласында әскери борышын өтейді, 1979 жылы Ауғанстанға аттанады. 1980 жылы Желалабад маңында жауды кідірте тұру мақсатында ақырғы демі біткенше шайқасады. Қаза болғаннан кейін «Жауынгерлік ерлігі үшін» медалімен марапатталды. Бүгінгі таңда Чапаевта Н.Тілеулин атындағы көше бар.

Аталған кеште кітапханашылар қазақстандық жауынгердің сол соғыстағы ерлігіне арналған өлеңдер оқыды. Аудандық қорғаныс
істері жөнінде бөлімнің жасақтау тобы басшысы Дархан Қалмединов, аудандық тарихи-өлкетану музейінің маманы Юлия Нұрланқызы Тәуелсіз Қазақстандағы бейбіт өмір бүкіл әлемге үлгі екенін баяндады. Н.Тілеулиннің апасы Клара Базарбайқызы, қарындасы Күләш Базарбайқызы бауырлары туралы естеліктерімен бөлісті. Ақын Сағынтай Бисенғалиев «Адамдар, ана жүрегі
жыламасын!» атты өлеңін оқыды.

Нұрхат МАҒЗОМОВ 

Суретті түсірген Нұрбек ИХСАН