4.02.2019, 11:26
Қараулар: 258
Әскери-патриоттық сайыс

Әскери-патриоттық сайыс

Кеңес әскерлерінің Ауған жерінен шығарылғанына 30 жыл толуына байланысты аудан орталығы – Чапаевта мектеп оқушылары мен колледж студенттері арасында «Ұлан – Отан қорғаушы» атты әскери-патриоттық сайыс өтті.

Шараға Ауған соғысының ардагерлері Сансызбай Төлегенов пен Жанболат Құлмағамбетов, мекеме, бөлім өкілдері әділқазылық жасады.

Шара аудан орталығындағы Абай атындағы мектепгимназияның директоры Светлана Оразованың құттықтау сөзімен ашылды. Жыл сайынғы дәстүрге айналған бұл сайыс әскер жасына дейінгі жастар арасында ең мықты, ең жылдам, ең күштілерді анықтау мақсатында ұйымдастырылып келеді. Бұл жолы қатысушылар саптық байқау, кермеге тартылу, автоматты толық емес бөлшектеу және жинау, басқа да сайыс түрлерінен сынға түсті.

Айта кетерлігі, өткен жылмен салыстырғанда, әскериспорт түрі бойынша ұл-қыздар тыңғылықты даярлықпен келгендері көрініп тұрды. Сайыс қорытындысында Абай атындағы мектеп-гимназияның 11-сынып командасы жеңіс тұғырынан көрінді. ІІ орынды агротехколледж командасы, ІІІ орынды аталған мектептің 10-сынып командасы иеленді.

Әли АСҚАР 

Суретті түсірген Нұрәлі ӘЛІМ