6.02.2019, 9:07
Қараулар: 164
Мақсаткер Райымбек

Мақсаткер Райымбек

Ауылдас жігіттердің әскери қызметтен абыроймен оралуы есте қалар қуаныш қой. Алдыңғы жылы Қапшағай қаласындағы әскери бөлімде тиісті борышын өтеуге кіріскеннен Райымбек Әйтімбетов туралы жылы лебіз естіліп жатты. Жауапкершілікті биік ұстаған ол тәртіпті,  ержүрек жауынгер-десантшы екені, алуан іс-шараларға, тапсырмаларға белсене қатысқаны ата-анасына келген алғыста да кеңінен баяндалып жүрді.

Отар кентінде өткізілген әскери жауынгерлік парадқа, «Айбын – 2018» әскери патриоттық жастар жиынын қамтамасыз етуге, Ақтау қаласында өткізілген «Батыс – 2018» стратегиялық оқу-жаттығуында ол өз міндеттерін қапысыз орындаған.

Соның бәрі, әрине, Отан алдындағы айтулы парызды орындауға балауса кезінен бекем дайындалудың, атаана мен ауылдағы мектеп мұғалімдерінің ақыл-кеңесін жадына түюдің нәтижесі болып табылады.

Райымбек оқу және жауынгерлік парашютымен батыл, сенімді түрде 7 рет 800- 1000 метр биіктіктен секірген. Оның әкесі Сағитжан – пошта тасымалдаушы, анасы Кенжегүл мектепте бастауыш сынып оқытушысы болып жұмыс жасайды. Отбасында ақылшы Ұлжан әжесі әрдайым ел-жұрттың амандығын, тыныштығын тілеп отырады. Райымбектің өзінен кейін мектеп жасындағы інісі Нұрәділ мен Жаннұр есімді қарындасы бар. Оларға спортпен шұғылдану, қазіргі жастардың уақыты мен денсаулығын ұрлап жатқан телефонға телміру дертінен ада болу жөнінде әркез айтып жүреді. Райымбек бокс пен ат спортын, яғни шу асауды ырқына көндіруді жаны жақсы көреді. Оралдағы Жаһанша Досмұхамедов атындағы колледжде дене шынықтыру пәні мұғалімі мамандығына сырттай оқуда. Болашақта жақсы маман иесі болып, елге адал қызмет етуді мақсат етіп жүр. Біз оны жас ұрпаққа зор өнеге тұтамыз, тәрбие ісінде осындай азаматтарға сүйенеміз.

ҚР Қарулы Күштері Құрлық әскерлерінің десанттықшабуылдаушы әскерлері басшылығынан ол ауылға оралар алдында келген алғысхат үй-ішінің қуанышын тіпті еселеді.

Жәнібек ӘБІРОВ,

Қарауылтөбе ауылының жастар ісі жөніндегі кеңесшісі