6.02.2019, 9:42
Қараулар: 15
Сатушы – адал, алушы – абай болса

Сатушы – адал, алушы – абай болса

Бүгінде шеттен келетіні бар, өз елімізде өндірілетіні бар, кейбір тауардың, тамақтың сапасыздығы, қауіптілігі жайында хабарлар аз емес. Сауда орындарынан пайдалану мерзімі өткен дүниелер табылып жатады. Демек, кім-кімге де аса сақтық керек.

Өткен жылы аудандағы бірсыпыра қызмет көрсету орындарында тәуекел дәрежесін бағалау негізінде тексерулер жүргізген кезде анықталған бұзушылықтар үшін 72 әкімшілік құқық бұзушылық туралы шешім шығарылды. Сөйтіп, 1 млн. 630 590 теңге айыппұл салынып, саудадан 12 келі тағам алынып, жойылды. Сол орындардағы жұмысшы-қызметкерлерден медициналық тексеруден
өтпеген, сан.-гигиеналық дайындық жоқ 29 адам жұмыстан шеттетілді.

Айталық, жыл барысында 182 тамақ өнімдері мен 17 тамақ емес өнімдер байқасталды. Мониторинг барысында микробиологиялық
көрсеткіштері бойынша аудан орталығындағы 1 кафеден хотдогтың тұтынуға   жарамсыздығы, басқа да кейбір қоғамдық тамақтандыру орындарынан, дүкендерден таңбалануы бойынша сәйкес келмейтін 4 тамақ өнімі анықталды. Бұлар: майдағы
шпроттар, томат тұздығында бөлінбеген Қара теңіз килькасы, жартылай ысталған, салқындатылған «Премьера» шұжығы, «Жеңіс» коньягі.

Тұтынушылар, мысалы дүкендерге түсетін қайсыбір азық-түлікті сатып аларда оның сақталу мерзіміне, қандай жағдайда сақталатынына, орамдағы жазулардың айқындығына, жарамдылық мерзіміне, қазақ тілінде де көрсеткіш, сілтемелердің болуына назар аударғаны абзал. Мұны басқа да заттарға қатысты мықтап қаперлеген жөн. Айталық, тексерулер барысында балалардың күртесі, «Хоккей»  ойыншығы, қыз баланың «Техноткань» көйлегі, балалар пижамасы, «Muslima kids textile», «Lady Aida»
футболкалары, әйелдердің «L b meierdan» іш киімі таңбалануы бойынша сәйкес келмейтіні белгілі болды. Атап айтқанда, таңбада мемлекеттік және орыс тілінде ақпарат, өнімнің атауы, құрамы, дайындалу мерзімі, Кеден одағы мүшелері елдерінің бірыңғай белгісі көрсетілмеген. Қайсыбір елдің заты болса да тұтынушы мәселен, оның бояуына дейін зер салғаны жөн. Мұқият қараған жанға бояудың өзіндегі сапасыздық көрініп тұрады.

Бір сөзбен айтқанда, алармандарға қырағылық қажет-ақ. Сатармандарға да жауапкершілік, өз істеріне адалдық керек. Жоғарыда аталғандай  тексерулер, тұтынушыларды сақтандыратын шаралар бұдан бұлай әлдеқайда жиі өтіп тұрады. Ал өнімнің жай-күйіне
қатысты кез келген тұрғынның бізбен байланыс жасауына қашан да есік ашық. Мына бір жайтты еске салайық: былтыр басқарма мамандары қоғамдық тамақтандыру саласындағы жұмысшы-қызметкерлермен 22 семинар өткізді. Оларға халықтың денсаулығына зардап тигізуі ықтимал көп нәрсе қаперге салынды. Мысалы, той иелерінің кейбір тамақты тойханаларға үйлерінде дайындап апаратын дағды бар. Мұндайға жол беруге болмайды.

Ерлан ҚАНАТБАЕВ, 

аудандық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы