8.02.2019, 9:29
Қараулар: 6
Оқығанды ойға тоқыған озады

Оқығанды ойға тоқыған озады

Өткен күзде «Жайық Пресс» медиахолдингі «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жан-жақты қолдау мақсатында облысымызда тұңғыш рет жас тілшілердің «Өрімтал» фестивалін өткізгені көпшілікке мәлім. Бұл шара барысында аудандарда оқушылар арасында «Ғажайып өлке» тақырыбында шығармалар байқауы ұйымдастырылып, оның жеңімпаздарының бірі ретінде Оралда «Қазақ әдебиеті» газетінің Тәкен Әлімқұлов атындағы жүлдесін иеленіп, қуанышым тасыды.

Медиахолдингтің жас ұрпаққа қамқорлығы, яғни сөз өнеріне, журналистика әліппесіне баулуы, ертеңгі кәсіп, мамандықты таңдауға жетелеуі жөнінде жұмыстары алысқа мәлім. Облысымыздың басты екі газетін және барлық аудан газеттерін топтастырған «Жайық Престің» біз секілді балғындарға білімге, еңбекке жол меңзеуі әманда жемісті боларына аталған фестиваль сөзсіз көз жеткізді десем, артық айтқандық емес.

Ал жоғарыда аталған марапат мені білімге одан әрі жігерлендірді. Мысалы, алдыма Тәкен (Тәңірберген) Әлімқұлов шығармашылығына қатысты оқып, ізденуді зор бір мақсат етіп қойдым. Заңғар жазушы Мұхтар Әуезов өмірінің соңғы жылдарында еліміздің оңтүстігін аралауға барған кездерінде осы өлкенің төл перзенті, күй орындаушы Т.Әлімқұловты қасына
ертіп жүріп, атақты күйшілер мен сазгерлердің, жыраулар мен әншілердің ол орындаған шығармаларына тамсана сүйсініп, жанына ләззат алған екен.

Талантын атақты Мұхтар атамыз мойындаған ол әкеден ерте қалып, жастайынан тұрмыстауқыметін көрген екен. Шымкенттегі қорғасын зауытында жұмыс жасаған. Өмір мектебінің сынақтарынан сүрінбей өтіп, Мәскеу қаласындағы Әдебиет институтында білім алады. Белгілі қобызшы Ысқақ пен атақты домбырашы Сүгірдің күйлерін сүйсіне тыңдап, Тәттімбеттің «Сарыжайлауын» жиі орындап өскен ол өзі де «бала күйші» атанған. Мұндай жандардың өмір жолы біле білсек, небір қиындыққа қайыспай қарсы тұрудың, рухани байлықтың жарық дүниеге қуат екенін ұғынудың өшпес өнегесі ғой.

Оның алғашқы әңгімелері соғыс аяқталар жылы баспаларда жариялана бастайды. Жазушының қаламынан шыққан «Қараой» еңбегінде дауылпаз ақын, елжанды ірі тұлға, Исатай батырдың айнымас серігі Махамбет бабамыздың қайғылы қазасы туралы жазылған. Осы шығармасын қайталап оқи отырып баһадүрді қапияда өлтірген қанішерлердің жауыздығына жаным түршікті. Не деген айуандық?! Батырдың ұлы Нұрсұлтанның еңіреуі, есіл ердің жансыз денесі … Өзегім өртеніп, көзіме жас алдым. Қайран батыр өлімінің қапияда, өз қазағы қолынан болатынын қайдан білсін-ау. Махамбет баба жырларына қайта-қайта үңілемін…

«Кертолғау» кітабында берілген «Қош бол, Абсент!» әңгімесінде Мехикода бірінші жүлде алған, Жапония мен Батыс Еуропада би бәйгесіне іліккен, дүние жүзіндегі сұлу жылқылардың бірі Абсенттің қартайып, ауруға ұшырағаны туралы да тебіренбей оқымау
мүмкін емес. «Кертолғау» дәректі әңгімесінде Қайырбек деген озат қойшы мен озат жылқышы Сағынтай Қияқбаевтың өмір жолы,
«Кертолғау» күйін нақышына келтіре орындаушы Атабек Асылбек туралы баяндалады. «Кертолғау» деген атпен жарияланған кітабында «Сарыжайлау», «Қаралы қобыз», «Көк қаршыға», «Сары сыбызғы», т.б әңгімелері топтастырылған. «Қаралы қобыз» әңгімесінде қаршадайынан қобыздың құлағында ойнап, дыбыспен сырласқан Ықылас пен жан жолдасы Ұлыш старшын туралы
баяндалған. Ықыластың даңқы болыс-билерден де асатынын, кедей-кепшік ауылдарын аралап, оларды жақтайтыны баяндалған.

«Ақбоз ат» романына қаламгердің өзінің балалық шағы өткен Қаратау өлкесінде болған нақты оқиға өзек болған. Жалғыз атқа бола қызын зар еңіретіп, сүймеген адамына қосқан әке, ол қыздың түбінде жылқы өсіріп, фермер болғаны баяндалған.

Осының бәрі еліміздің, Алаштың өткенінен молынан хабардар жасап, ойыңды байытады. Біз, жастар, көркем әдебиеттің өмірімізге орасан пайда әкелетінін жақсы білуге тиіспіз дер едім. Мына дәуір соған үндейді. Оқып, оқығанды көңілге ықыласпен тоқып, сол
білімді пайдаға асырған озады. Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» және «Ұлы даланың жеті қыры» атты бағдарламалық мақалалары да бізге кітаптың шексіз құндылығын қаперге салды.

Ендігі кезекте қолыма Т.Әлімқұловтың атақты күйші Сүгірдің «Телқоңыр» күйінің шығу тарихы туралы «Телқоңыр» әңгімесін алдым. Мұнда құлынынан айырылған көк биенің байыз таппай кісінеуі көркемдік қуатпен суреттелген. Өнер сырын ұққан, сол өнер
үшін еті сыздап, жаны ауырған тұлғаның көркем туындыларын сүйіп оқитын оқырмандар қатары әманда қалың болары сөзсіз.

Жазушының баға жетпес құнды шығармалары көп. Бәрін де оқып, қайталап, рухани байлыққа, қымбат қазынаға кенеле бергім келеді.

Аружан ӘДІЛХАНОВА, 

Жаңабұлақ орта мектебінің 9-сынып оқушысы