11.02.2019, 9:26
Қараулар: 188
Сергектікті серік етейік

Сергектікті серік етейік

Жайрангүл ЫСҚАҚОВА,  Алғабас ауылдық округі әкімі аппаратының қызметкері: 

– Мемлекетіміздің нығая түсуіне бұрынғыдан да мол үлес қосу үшін қыз-жігіттер әлдеқайда сергек, белсенді болуы керек. Ауыл – мемлекеттің тірегі, ұлтжандылық пен рухтың, күштің қайнар көзі. Тек осы қуатты пайдалана білген жөн. Жастар жылы – өзімізді дамытуға үлкен мүмкіндік екені сөзсіз.

Ауылымызда жастар тынысында бетбұрыс бар. Спортпен шұғылдану үшін арнайы кесте жасақталды. Алдағы уақытта көптеген тың спорттық шаралар өтетініне сенімдімін. Дене шынықтыру пәнінің мұғалімі, шағын футболдан оқушылар үйірмесінің жетекшісі Шынболат Ермеков өз шәкірттерімен аудандық жарыстардан жүлделі орындар алып жүр. Эльдар Батырғалиевтің жетекшілігімен қыздар волейбол командасы, ұлдар Қошетер Әжімовтің жетекшілігімен еркін күрестен, Сәкен Қибалақовтың бастауымен қазақ күресінен облыстық, аудандық турнирлер мен жарыстардан жүлделі оралуда.

Жастар жылына өз үлесім аянбай еңбек етіп, елімнің өркендеуіне септігімді тигізу деп санаймын. Әр адам ортаға пайдалы қызмет етіп, өзінің әлеуеті деңгейінде қолынан келгенше жаңғыруға үлес қосуы керек.

Тасада қалып қойып жатқан талантты ауыл жастарын, өнерпаздарды, өнертапқыштарды тауып, оларға қолдау көрсетілсе,
жеңілдетілген шағын несиелер алуына жағдай жасалса, қандай ғанибет болар еді. Тағы бір мәселе – ауылға барған жас мамандарға үлкен жәрдем қажет. Елбасымыз шағын несие берудің және кәсіпке оқыту ісінің оң тәжірибесі негізінде барлық өңірде «Жас кәсіпкер» бағдарламасын әзірлеу қажет деді. Одан бөлек Үкіметке «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында
жас кәсіпкерлер үшін грант бойынша бөлінетін қаржы көлемін екі есе арттыруды тапсырды. Бұл жастардың кәсіпкерлікпен айналысу ынтасын арттыруда, білім мен білік бәсекелестігі дендеген заманауи жағдайда аса қажетті қадамдар.

Ұлттың бүгіні де, болашағы да, әрине, тәрбиелі ұрпаққа байланысты. Еліміз тәуелсіздік алғаннан бері балалардың,
жасөспірімдердің оқуы мен тәрбиесіне ұдайы көңіл бөлініп келеді. Жас ұрпақ мейірімділік, ізгілік, қайырымдылық секілді құнды
қасиеттерді бойына сіңіре білсе, бұдан елдің ұтары мол. Жастар жылы деп еншілеп, үкі таққаннан кейін, осы белес жақсылыққа толы болады деп ойлаймын.