11.02.2019, 9:29
Қараулар: 173
Еңбегімізбен танылайық

Еңбегімізбен танылайық

Жәнібек ӘБІРОВ, Қарауылтөбе ауылының жастар ісі жөніндегі кеңесші маманы:

– Елімізде өскелең ұрпақ үшін жасалып жатқан қамқорлық көп. Оған біз нақты іспен жауап беріп, мүмкіндіктерді тиімді пайдаланып, ортақ жетістіктерге жеке үлесімізді қаншалықты қосып жүрміз деген сауал төңірегінде ойлануға тиіспіз.

«Ел маған не береді?» деп таяз ойлайтындар бар. Біз мұндай масылдықты жоюға атсалысуымыз керек. Әрине, жастардың кәсіп ашуына ықпалдасуымыз қажет-ақ. Тиісінше, олар да елдің дамуына өз үлестерін қосуы тиіс. Мысалы, ауылда жүн түту цехы мен қыз жасауын жасайтын шеберханалар болса, талай қажет өтелер еді.

Кәсіпкерліктегі еңбегі алысқа мәлім ақжайықтықтар аз емес. Мұндай жандардың жетістіктерін кеңінен насихаттауды қолға алдық. Мысалы, асыл тұқымды мал өсіруді шаруа қожалықтары қалай жолға қойды, қандай қиындықтарды жеңіп келеді? Қыр төсіндегі мұндай еңбекте атаның, әкенің жолын қуған ұлдардың мал өсіру жөнінде ойы болғанымен, тартынып жүрген жастарға не айтар еді? Міне, осыларға байланысты кездесулер, кәсіпкерлік тақырыбына шаралар өткізуді жиілететін боламыз.

Соңғы кезде ауылымызда қазақ күресі, теннис залының, заманауи футбол алаңының ашылуы тұрғындар үшін зор қуаныш болып отыр. Спорт саласында жетістікке жетіп жүрген жандар аз емес. Мысалы, қазақ күресінің жаттықтырушысы Нұрдәулет Уахит ауданның бірнеше дүркін жеңімпазы. Күрестегі шәкірттері ауылдың атағын алысқа апарып жүр. Сонымен қатар Еділ
Героев, Ернұр Еркашев, Нұрлан Майдановтардың туризм саласы бойынша облыс құрамасының сапында өнер көрсетіп жүргені қарауылтөбеліктер үшін зор мерей.

Биылғы жылдың Жастар жылы аталуының тарихи мәні зор. Өз басым ауылда, аудандар мен қалаларда жастарға бағытталып атқарылған әрбір іс олардың патриоттық сезімдерін оятуға септігін тигізеді деп сенемін. Бұдан алған қарқын елдің өркендеу жолында кездескен қиыншылықтарға төтеп бере алары кәміл.