11.02.2019, 9:34
Қараулар: 33
Жаттанды ұранға жол берілмесін

Жаттанды ұранға жол берілмесін

Әсемгүл ҚАШҚЫНБАЕВА,  Ақжайық арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығының психологі:

– Ел ертеңі – жастарға мемлекет тарапынан айрықша көңіл бөлінуі жас толқынның ынтасын еселеп, олардың еңбекке деген ұмтылысын арттырары кәміл. Елбасымыз үнемі жастарды қолдап, жастар саясатын дамытуды көздеп келеді. Бұл «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты кезекті Жолдауында да баяндалды.

Иә, қоғамның маңызды бөлігін құрайтын жастарға кең мүмкіндік берілуі керек. Атаулы жылы нақты ұсыныстар қабылданып, жастардың қалың қатарын қолдау үшін қолдан келгеннін бәрі жасалады деп ойлаймын. Жұмыс ұтымды бағдарлама аясында жүргізілгені абзал. Мәселен, жас мамандардың, жас отбасылардың баспаналы болуын тездететін тетіктерді жетілдірсе, нұр үстіне нұр. Қыз-жігіттердің жағдайын заман талабына қарай жақсартса, олар да бұл жақсылықтың қарымтасы ретінде ел ісінде аянып қалмақ емес. Себебі кемел келешектің кілтін ұстайтын да, демографиялық ахуалға серпін беретін де жас толқын. Жас отбасылар өз баспанасына ие болмайынша, бала туу саны тежеле беретіні айтпаса да түсінікті.

Енді аз-кем өзімнің жұмысыма тоқталсам. Ақжайық арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығында барлық қамқорланушыларға әлеуметтік-психологиялық қызмет көрсетіледі. Орталықтағы 55 қамқорланушы бұл қызметтермен толығымен қамтылады. Олардың таңғы көңіл күйін білу үшін жеке әңгімелесулер, тренингтер, ойындар, түрлі терапиялар өткізіледі. Мұның бәрі оларды белсенділіккке жетелейді. Психолог қамқорланушылардың көңіл күйін бақылайтын күнделік жүргізеді. Қызмет алушылардың субъективті қал-жағдайын жақсарту және психикалық саулығын нығайту, мінез-құлықтық өзгерістер негізіндегі эмоциялық бұзылуларының алдын алу, психологиялық мәселелерін зерттеу, бұларды шешуге көмек көрсету секілді жұмыстарды күнделікті жүргізіп тұрамын. Мұны айтып отырғаным сол, осындай жандармен жұмыс адам құқығымен байланысты. Сондықтан ісіміз аса маңызды болып табылады.

Біздің мекемеде 10 жас маман қызмет жасайды. Бәрі де Жастар жылын зор ықыласпен қарсы алып, өз үлестерін қосу мақсатымен еңбектеніп жатыр. Бір жас маман «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасы бойынша үй алды. Қазір екі маман осы бағдарламамен құжаттарын тапсырып, кезегін күтуде. Осындағы мемлекеттік сатып алу жөніндегі менеджер Азамат Жәмел, массаж жасау жөніндегі медбике Ақұштап Бақтыгереева сынды әріптестеріммен мақтанамын. Олар өз ісіне берілген нағыз мамандар десем, артық айтқандық емес.

Жас толқын еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына өз қолтаңбаларын қалдырып, көшті алға бастап жүрсе, құба-құп. Қазақта «Жас келсе, іске» деген. Ақылды технология заманында ақыл да, тың идея да жастардан шығады. Демек, бұрында жиі кездескендей жалаң сөз, жаттанды ұранға құрылмай, жастардың нақты түйіткілдерін шешетін, әрбір өскін елге үлес қосатындай жыл болғай!