11.02.2019, 9:50
Қараулар: 196
Құлаққағыс кейбірінің құлағына кіріп те шықпайды

Құлаққағыс кейбірінің құлағына кіріп те шықпайды

Бұл таңда тиісті құжаттар бойынша өзгенің көлігін жүргізетіндер арасында да жол жүрісі қағидаларын бұзу аз емес. Мысалы, жуырда азамат К. «Volkswagen Sharan» автокөлігімен Орал-Атырау тас жолының 191-шақырымында, оңтүстік бағытта бара жатып, жол қозғалысы қауіпсіздігі талаптарын бұзып, автокөліктің басқару жүйесіне ие бола алмай, көлік аударылады. Сөйтіп, көлік құралының бүлінуіне әкеп соқтырып, автокөлік иесіне материалдық залал келтірген. Ақжайық ауданы сотының қаулысымен К. ӘҚБтК-тің 610-бабының 1-бөлігімен кінәлі деп танылып, оған 20 айлық есептік көрсеткіш көлемінде – 50500 теңге айыппұл салынды.

Өкінішке қарай, қаншама ескерту, құлаққағыс жасалып жүргенімен, «темір тұлпар» иелері арасында баяғы сол бейқамдық, салдыр-салақтық, жауапсыздық азаймауда. Автокөлікті алкогольдік масаң күйде басқару да тыйылмай келеді. Айталық, ӘҚБтК-нің 608-бабымен айыпталатын, яғни рөлге арақ ішкен күйінде отыру, сөйтіп, жолда апаттық жағдай туындатқаны үшін 2017 жылы 45 іс қаралып, 9 құқық бұзушы  қамаққа алынды, 36 көлік жүргізуші арнайы құқығынан айырылды. Ал өткен жылы сол баппен 48 іс қаралып, 10 құқық бұзушы қамаққа алынды, 37 жүргізуші арнайы құқығынан айрылды.

Бір мысал айта кетсек, өткен желтоқсанда рөлге арақ ішіп алып отырған А.-ны сот 3 жыл мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айырды.

Өзімен бірге жүргізуші куәлігі немесе басқару құқығына арналған уақытша куәлігі, көлік құралына тіркеу және заңнамада белгіленген өзге де құжаттары жоқ жүргізушінің көлік құралын басқаруы (ӘҚБтКнің 608-бабы, 6-бөлігі) да барып тұрған жауапсыздық болатыны жайында қаншама құлаққағыс жасалып жүргенімен, бұл да талайдың құлағына кіріп те шықпайды. Өткен желтоқсанда автокөлікті басқаруға құқығы жоқтығы өз алдына, М. аудан орталығында масаң күйде рөлге отырған. Ол 20 тәулікке әкімшілік қамаққа алынды.

Автокөлікті басқару құқығы жоқ бола тұра көлікке отырғандықтан ауданда 2017 жылы 9 адам, 2018 жылы 10 адам қамаққа алынды.

Асхат ҒАПУОВ,

Ақжайық аудандық сотының судьясы