11.02.2019, 9:52
Қараулар: 206
Билер кеңесі туралы ереже түсіндірілуде

Билер кеңесі туралы ереже түсіндірілуде

ҚР Жоғары сотының «Татуласу: сотқа дейін және сотта» жобасын жүзеге асыру мақсатында және БҚО соты мен БҚО әкімі арасындағы өзара ынтымақтастық туралы 2016 жылғы 22 сәуірдегі меморандум негізінде облыстағы судьялар қауымдастығы билер кеңесі туралы ереже жобасын дайындаған болатын. Осы ереже жобасы БҚО әкімінің 2019 жылғы 11 қаңтардағы №4 шешімімен мақұлданды.

Ақжайық ауданы №2 соты Тайпақ ауылында жұртшылық, еңбек ұжымдары өкілдерімен ұйымдастырған кездесуде аталған ереженің аса маңыздылығы жайында айтылды. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» және «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламалық мақалаларының негізгі қағидалары басшылыққа алынған бұл ереже бойынша облысымызда ауқымды істер қолға алынуда. Ел арасындағы әлдебір кикілжің, дау-дамайды соттан тыс шешу тетіктерін жетілдіру, қазақ билерінің дәстүрін жаңғырту, сөйтіп, құқық бұзушылық деңгейін төмендету, ұлттық құндылықтарымыздың өрісін кеңейту адамдық ахуалдың ажарлығына жол ашары сөзсіз.

№2 сот судьясы Венера Адушева баяндама жасаған кездесуде бұл тақырыпқа байланысты Тайпақ, Базаршолан, Алмалы,
Сарытоғай ауылдарынан сайланған билер, сондай-ақ медиаторлар, ақсақалдар өздерінің ой-толғамдарын ортаға салды. Олар
атқарушы органдарға, сот билігі мен құқық қорғау органдарына көп болып көмек көрсету, ұлттық салт-дәстүрлер, ұрпақ тәрбиесі
мен отбасы құндылықтарын насихаттау жөнінде міндеттерге тоқталды.

Аудан ауылдарында билер кеңестерін құру жөнінде тұрғындармен жүздесулер жалғасатын болады.

Бекем БЕКҰЛЫ

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар