12.02.2019, 11:31
Қараулар: 29
Есенсайдағы зерде сағаты

Есенсайдағы зерде сағаты

Есенсай орта мектебінде Ауған соғысының ардагерлері Салауат Мұқанов пен Абат Қазиевті еске алуға арналып аймақтық әскери-патриоттық зерде сағаты ұйымдастырылды. Шараға көрші ауылдардан аталған соғыс ардагерлері арнайы шақырылды. Атап айтсақ, Сағадат Оразғалиев, Оразай Бақытов, Болат Мерғалиев, Бауыржан Ізімов, Есенжан Сисенов, Қайырболат Ғайсин, Нұғман Мырзағалиев және сол соғыстан аман келіп, алайда ертерек бақилық болып кеткен ағалардың тума-туыстары.

Шарада сарбаздарымыздың борыштарына адал болып, көбіне-көп қарапайым халыққа қайырым жасағаны әңгімеленді. Басқосуда алыстағы елде қаза тапқан батырлардың жарқын бейнесі, кейін қайтыс болған сарбаздар есімдері зердеде жаңғырды.

Әскери-спорттық сайысты мектеп басшысы Мирдан Сапа мен ауыл әкімі Замир Мырзағалиев және ауған ардагері Сағадат Оразғалиев ашып, сөз сөйледі. Ардагерлер мен меймандар мектеп мұражайын, мультимедиа, роботты техника, шағын орталық, кітапхананы аралап, жас ұрпақтың сапалы білімі, саналы тәрбиесі үшін уақыт талабына сай орындалып жатқан істермен танысты. Олар ұл-қыздардың өздерінің атына айтқан тілектерін тебірене тыңдады.

Шара «Ауған соғысының ардагерлеріне шексіз құрмет» атты кездесу кешіне ұласты. Онда бір кездегі соғыс сарбаздарының, бүгінде марқұм Салауат пен Абат ағалардың өмір жолдарынан бейнебаян көрсетілді. Қатысушылар еліміз тәуелсіздігіне дейінгі өмір
мен одан кейінгі тыныс-тірлік хақында оқушылардың сұрақтарына жауап берсе, өнерлі ұл-қыздардың әуелеткен әндері көпшіліктің көңілінен шықты.

Эльмира ҚҰСПАНОВА, 

Есенсай орта мектебінің кітапханашысы

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар