12.02.2019, 11:43
Қараулар: 12
Саланг асуында болған Сағадат

Саланг асуында болған Сағадат

Биыл Кеңес әскерлерінің Ауғанстан жерінен толықтай шыққанына табаны күректей 30 жыл толады. Кеңес Одағы тұсындағы тарихтың ең қайғылы беттерінің бірі болған бұл соғысқа қатысқандардың бірі – Сағадат Оразғалиев. Көнеккеткен ауылының тұрғыны ол аудандық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталық пен балалар шығармашылығы орталығының бірлескен жобасы – «Жақсымен жарты сағатта» қонақта болды.

Сағадат Оразғалиев 1967 жылы өмірге келген. 1985 жылдың күзінде Кеңес әскерінің қатарына алынады. Мәскеу облысының Подольсксінде алты ай әскери оқу-жаттығудан өтеді. 1986 жылдың сәуірінде қатарластарымен бірге Ауғанстанға аттанады. Бұл елдегі Саланг асуы маңындағы Душах елді мекенінде болады. 1987 жылғы көктемде 24026 әскери бөлімшесінде бөлімше командирі, сол жылы кіші сержант шенін иеленіп, взвод командирінің көмекшісі болады. 1987 жылы от пен оқтың ортасынан аман-есен елге оралады. Көптеген мерейтойлық  медальдардың иегері. Кейіпкер  кеш барасында балалық шағы жайында естеліктер айтып, өткен күннен әңгіме қозғады. Ауғандағы жыл жарым уақытта талай қиындықты көрген ол ешқашан мұқалған емес. «Бір күні қарауылда тұрғанмын. Саланг асуының бойында жойқын атыс болып, жарылыс басталып кетті. Орнымыздан тапжылуға болмайды. Біраз уақытқа созылған атыс өте қайғылы аяқталды. Сол шайқастан қаза тапқан 75 жауынгеріміздің өлі денесін ұрыс даласынан жинағанымыз әлі күнге дейін есімнен кетпейді», – деді ол сұрапыл жылдарды еске ала отырып.

С.Оразғалиев бүгінде жастарға тәлім-тәрбие үйретіп, соларға ақыл-кеңесін айтып жүр. Балғын жастарды спортқа баулып, қолынан келгенін жәрдемін аямайды.

Аталған шарада С.Оразғалиев қойған сауалымызға орай әскери борыш, жастардың тәрбиесі, ұлттық құндылықтар турасында ой-пікірімен бөлісті. Оның қолы қалт еткенде өлең жазатыны бар. Өлеңдеріне Ауған соғысының ардагерлерін, Тәуелсіздікті, ұрпақ тәрбиесін арқау етіп келеді.

Зайыбы Гүлнар Қарасаевамен жанұяда үш ұл тәрбиелеп өсірген. Үлкен ұлдары Өтеғали мен Әли өмірден өз орындарын тапқан. Кенжелері Мұхамет 6-сыныпта оқиды. Балаларының бәрі спортпен шұғылданады.

Кеш барысында аудандық «Тәуекел сарбаздары» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Асқар Абдолов, ресурстық орталықтың маманы Айнагүл Бегеева, балалар шығармашылығы орталығындағы «Жас ұлан» балалар ұйымының жетекшісі Зәмзәгүл Дамерқызы сөз сөйлеп, мейманға естелік сыйлық табыстады.

Қали ЖАНТІЛЕК 

Суреттерді түсірген Ақұштап САПАРҒАЛИЕВА

 

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар