12.02.2019, 12:27
Қараулар: 28
Бірдейлендіру – уақыт талабы

Бірдейлендіру – уақыт талабы

Ветеринария саласының қызметкерлері малды бірдейлендіруді жүргізудің тәртібі, уақыты, түліктерге қатысты дерекқордың жүргізілуі, мал иесіне ветеринарлық паспорт беру, т.б. туралы ауылдарда ұғындыру жұмыстарын жүргізуде. Мысалы, биыл 26791 бас бұзау, 116614 бас уақ жандық төлі, 8294 бас құлынды бірдейлендіру көзделген. Ауданға бұзауды сырғалау үшін – 27 000, қозы-лаққа 114 000 сырға келді.

Сырғалар жылдағыға қарағанда ертерек және жеткілікті мөлшерде түсті, сұранысқа қарай алдағы кезде тағы алынбақ. Бірдейлендіру базасына мәлімет, төлге паспорт, мұның бәрі мал иесі үшін аса маңызды. Уақыттың бір зор талабы сол.

Бұзау, қозы, лақ, бота туған күнінен жеті күн өткеннен кейін, құлындар төрт айлық жасынан бастап, асыл тұқымды торайлар, әрі қарай өсіруге және өсімін молайтуға арналған торайлар және тұрғындар шаруашылықтарында күтіліпбағылатын торайлар үш айлық жасынан бастап бірдейлендіріледі.

Ауыл шаруашылығы жануарларының барлық түріне қосымша мынадай тәсілдермен жеке нөмір беруге жол беріледі: электрондық бірдейлендіру тәсілі (ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру жүргізу  үшін пайдаланылатын радиожиілікті белгісі бар сырғалар, болюстер, чиптер және басқа бұйымдар (құралдар); татуировка; таңба).

Сырғалау ауыл шаруашылығы жануарларының құлақтарының ортасына аспалы сырғаны көк тамырын зақымдамай бекіту арқылы жүзеге асырылады. Таңба басу ыстық немесе суық тәсілдермен жүргізіледі. Жылқыдан басқа ауыл шаруашылығы жануарларына таңба дененің сол жағына жамбас аумағына салынады. Жылқыларға таңба денесінің сол жағына жауырын (клеймо) және жамбас аумағына (реттік нөмір) немесе тек жамбас аумағына (клеймо және реттік нөмір) салынады. Мынаны да білген абзал: ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіруде электондық тәсіл радиожиілікті белгісі бар сырға, болюстер, чип және бұйымдарды пайдалану тиісті нұсқаулыққа сәйкес жүзеге  асырылады. Ол бұйымның нөмірі ауыл шаруашылығы жануарларының жеке нөмірімен сәйкес келуі міндетті емес, бірақ қосымша ветпаспортта көрсетіліп, дерекқорға енгізілуі керек.

Бірдейлендірілген ауыл шаруашылығы жануарларының бір әкімшілік-аумақтық бірлік аумағынан басқа әкімшілікаумақтық бірлік аумағына орнын ауыстырған кезде ветпаспортқа және ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру туралы дерекқорға орнын ауыстыру туралы мәліметтерді енгізе отырып берілген жеке нөмірлері сақталады.

Мемлекеттік ветеринарлық ұйым ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіруді жүргізу уақытын, орнын анықтайды, бірдейлендіруді жүргізеді, жануарға жеке нөмір береді, дерекқордың жүргізілуін жүзеге асырады, жануар иесіне ветпаспорт береді.

Мақтауғали НҰРАЛИЕВ, 

аудандық ветеринария бөлімінің басшысы