15.02.2019, 17:09
Қараулар: 464
Аманер биік шыңды бетке алды

Аманер биік шыңды бетке алды

Ауданымыздағы Ақсуат ауылының түлегі, аудандық туризм орталығының бұрынғы шәкірті, туристік көпсайыстан БҚО құрама командасының мүшесі ретінде есімі алысқа танылған, Қазақ ұлттық спорт және туризм академиясы түлегі, бүгінде Алматыда ТЖМ саласында қызмет жасайтын Аманер Темірбаев әлемнің биік шыңдарының бірі К-2 (Чогори) биіктігін бағындыруға халықаралық құраманың сапында аттанғаны жайында естілгеннен бері оның тілеулестері «тақымын қысып», азаматының жолы оң болуын тілеуде.

– К-2 Китченер тауынан бір шақырым қашықтықта, Джаспер Ұлттық саябағындағы Атабаска өзенінің жоғарғы алқабында орналасқан, – деді ол біз байланысқа шығып тілдескенде.

– Қарақорым-тау тізбегіндегі ең атақты шыңдардың бірі. Биіктігі 8611 метр болатын К-2 тауы әлемдегі ең биік екінші тау болып саналады. Қыс мезгілінде К-2 шыңына ешкім көтерілмеген.

– Бұған дейін жаттығуда тауларға шығып көргенің сөзсіз ғой.

– Әрине, Алматыда «Жаттығуда қиын болса, ұрыста оңай болады» дегендей, төрт мың метр, одан да биік тауларда жаттықтым.

– Экспедиция қашан басталды?

– 12 қаңтарда басталды. Оның әзірлік кезеңінің өзі қандайауқымды екені белгілі ғой. Халықаралық құрама сапында бізбен бірге Ресей, Қырғызстан өкілдері бар.

– Спорттық туризмнен осындай деңгейге жетуіңнің бастауын айта кетсең? 

– ҚР еңбек сіңірген туризм нұсқаушысы, бүгінде ауылымдағы орта мектептің директоры Марат Бақтығалиұлы Досқалиевтың
еңбегі бір төбе. Туризмнің «әліппесін» игеріп, облыстық «Батыс – West» командасы құрамында жаяу туризмнен еліміздің бірнеше
дүркін чемпионы болуымда, шыңдалуымда оның кеңесі шексіз. Бүгінде де ақылының бәрі жадымда.

– Аманер! Алға қойған мақсатың жүзеге асып, аманесен оралуыңа тілектеспіз. Біз сені мақтан тұтамыз!

Болат ҚОСЖАНҰЛЫ