18.02.2019, 9:17
Қараулар: 203
Ауадай қажет әліпби

Ауадай қажет әліпби

Латын графикасына негізделген жаңа әліпбиіміз еліміздің алға жылжуына, заман талабына сай өсіпөркендеуіне, болашақта мемлекетіміздің жан-жақты дамуына жол ашатыны кәміл. Мұны сол алфавитті қолданатын елдер тәжірибесінен көріп жүрміз. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында жоталы жетістіктерге ұлттық кодымызды сақтау арқылы қол жеткізу керегін баса айтқан болатын. Ал тарихымыздың тамыры тереңдігін айғақтайтын бағасы шексіз құндылығымыз, әлбетте, ана тіліміз, тірлігімізбен біте қайнасқан өз жазуымыз. Сондықтан елімізде жаңа әліпбиге кезең-кезеңмен көшудің қам-қарекеті жасалуда.

Аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің ұйымдастыруымен өткен ақпараттық сағатта осы жайында кеңінен сөз болды. «Жаңа әліпби негізіндегі қазақ тілі емлесінің ережелері – құқықтық құжат» тақырыбындағы бұл басқосуға мектептердегі қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің мұғалімдері, кітапханашылар, тұрғындар қатысты.

– Латын қарпіне кезеңкезеңмен көшуді Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өз Жолдауларында жария етіп, қоғам талқысына салды. Бұл маңызды іске ерекше мән беріліп, ел тұрғындары тарапынан зор қолдауға ие болып отыр. Жаңа бетбұрысты халық арасында насихаттау, ұғындыру жұмысына мүдделілікпен атсалысуымыз керек, – деді бөлім басшысы Гүлбану Құлмұқанова өз сөзінде.

Осында Чапаевтағы №1 орта мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Әсемгүл Меңдіғалиева «Жаңа емле – сындарлы қадам» тақырыбында баяндама жасады. «Жаңа әліпби негізіндегі қазақ тілі емлесінің ережелері – латын графикасындағы қазақ әліпбиі бойынша дұрыс жазуды көрсететін құқықтық құжат. Мұны қазақы айтылым мен жазылым талаптарын бір жүйеге түсіру деп түсіну қажет. Ұлттық тілдің жазу-сызуымен байланысты тілдің жалғамалылығы, ықшамдалуы, тіл дыбыстарының үндестігі, дауыссыздардың бірбірімен үйлесімділігі, тағы да басқа негізгі заңдылықтар мен ерекшеліктер ескерілген емле ережесін еңбектеген баладан еңкейген кәріге дейін толық ұғынуымыз қажет», – деді Әсемгүл Есімғалиқызы.

Шара барысында аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің директоры Роза Мұсағалиева аталған тақырыпқа байланысты көрмені таныстырды. Ақын Мәлік Берді Әлі, Абай атындағы мектеп-гимназия директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Биман Өтебаев латын қарпіне көшудің келешекке берер зор пайдасы туралы әңгімеледі. Мысалы, Мәлік Тұрсынұлы ұлттық тілі сақталмағандықтан жойылып кеткен немесе жоғалудың аз-ақ алдында тұрған бірқатар халықты атады. Солардың туған тілін ұмытуының кесірінен үлкен мемлекеттер құрамына жұтылып кеткенін, демек, қазақ тілінің тазалығын сақтауда латын графикасын қолданудың тиімділігі зор екенін сөз етті.

Жаңа әліпбиді үйренуге келер болсақ, әлбетте, мемлекет тарапынан жасалатын реформаның қайсысы болсын көпшілікті ойландырады. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бекіткен әліпбиде 32 әріп бар. Солардың жиырмаға жуығы өзімізге белгілі, оны үйреніп алуға әбден болады. Кейбіреулер бұл графикаға үйренісіп кету үшін біраз уақыттың керек екенін, әдебиетіміз бен білім
саласында түсініспеушіліктер орын алатынын айтып, үрейленіп жүрген сыңайлы. Бұл арада мәселе ниетте және мән берушілікте. Мұндай іске бет бұру әр қазақстандықтың санасына тікелей байланысты. Себебі бізге ауадай қажет жаңа әліпбиге көшу жұмыстары еліміздің болашағымен өте сабақтас.

Латын таңбасына көшу бір жылдың немесе бір күннің әңгімесі емес. Тағдыршешті бастамалар арқылы ана тіліміз өз елінде жетекші функцияға айналуы тиіс. Рухани жаңғырудың өзегі қоғамдық сананы жаңа сапаға көтеру десек, онда тілдің осындай үлкен мақсатты шешетін әлеуетін назардан тыс қалдыруға болмайды. Осыны ойласақ, жаңа әліпбиге көшудің маңыздылығы туралы тұрғындарға тегеурінді түсіндіру қажет-ақ. Бабамыз әл-Фарабидің «Дүниені өзгерткің келсе, алдымен өзің  өзгер» деген даналық сөзінің
мәнісі де осы емес пе?! Аталған басқосу осылай түйінделді.

Бекболат ҚАЛЕНОВ