18.02.2019, 9:25
Қараулар: 23
Қанатты түлік – қазақтың жаны

Қанатты түлік – қазақтың жаны

Атқа міну мәдениеті мен жылқы шаруашылығы жер жүзіне Ұлы даламыздан тарағаны тарихтан белгілі. Еліміздің солтүстік өңіріндегі энеолит дәуіріне тиесілі «Ботай» қонысында жүргізілген қазба жұмыстары жылқының тұңғыш рет қазіргі Қазақстан аумағында қолға үйретілгенін дәлелдеді. Жылқыны қолға үйрету арқылы біздің ата-бабаларымыз өз дәуірінде адам айтқысыз үстемдікке ие болды. Ат үстінде жүргенде ыңғайлы болуы үшін бабаларымыз киім үлгісін, ер-тұрман мен үзеңгіні ойлап тапқан. Осының бәрі туралы оқып-біліп жүрсек білім деген, рухани серпіліс деген сол. Елбасымыздың «Ұлы даланың жеті қыры» атты әйгілі мақаласы да осыған үндейді.

Аудан орталығындағы Абай атындағы мектеп-гимназияда оқушыларға жылқының қасиетін, атқа міну өнерін насихаттау және ауданымыздың танымал атбегілерінің қызметімен  таныстыру мақсатында «Арғымақ мінген арымас» атты танымдық дәрісте осындай салмақты, нәрлі әңгіме айтылды. Оған арнайы шақырылған еңбек ардагері Науқан Есеналиев (Чапаев ауылы) пен аудандық мәслихат депутаты, «Мұқадес» шаруа қожалығының (Ақсуат ауылы) жетекшісі Ақылбек Сағитов «Тегіміз – түркі, түлігіміз – жылқы» деп білген халқымыздың өткенінен ұлағатты сөз саптады. Иә, алаштың арғы тегін жылқысыз елестету мүмкін емес. Жұртымыз тарих сахнасына жылқымен шыққаны белгілі. Ол – біздің халықтың жаны. Ұлан-ғайыр атырапқа жылқының күшімен, найзаның ұшымен ие болып қалғанымыз да ақиқат. Мінсең – көлік, ішсең – сусын болатын қасиетті жануардың қазақ халқы үшін пайдасы шаш етектен.

Шарада оқушылар еңбек пәнінің мұғалімі Нығмет Әділғалидің көмегімен қағаздан жасаған жылқының макеті, қамшы, үзеңгі, ер-тоқымдар қойылған көрме жанындағы әңгіме ұл-қыздардың «Менің сүйікті сәйгүлігім» тақырыбына салынған суреттерін тамашалауға ұласты.

Науқан Құсанұлы сонау жылдары ауданымыздағы «Тайпақ» кеңшарында жұмыс жасап жүргенде Жәңгір Нұрмағамбетов, Сәрсен
Смағұлов секілді атбегілерді көріп, еліктеп, жылқы ұстай бастаған. «Олардан көргенімді жасап, атымды бәйгеге де қосып, орын алатынмын. 1991 жылы Мұхит Мерәліұлының 150 жылдық мерейтойына арналған республикалық бәйгеде тұлпарым бірінші болып келгеннен кейін қызығушылығым арта түсті. Балаларымның бәрін атқа үйреттім. Десек те, немерелерімнің көбінде жылқыға қызығушылық жоқ. Алайда оларға тұлпардың қасиеті, батырлар мінген қылқұйрықтар жайында әңгімелеуден тыйылған
емеспін», – деді қария.

Ақылбек Сағитов: «Атам Ілбішін кеңшарының №4 бөлімшесінде зоотехник болды. Атамыздан көрген тәрбиеміз осы күнге дейін азық болып келе жатыр. Жылқы өсірудің қыр-сырын білетін жандармен жақсы байланыстамын. Бүгінде балаларымыздың, жастарымыздың желқанат түлікке қызығушылығы арта түскеніне, көптеген ауылда, мысалы, Тайпақ ауылдық округінде азаматтар ат баптау хақында дәрістер өткізіп жүргеніне қуанамын. Атакәсіппен айналысу қанымызда бар. Жастарды мал шаруашылығына көптеп келуге үндер едім. Ауданымызда, облысымызда ауыл шаруашылығын өркендетуге үлес қоссақ, бұдан артық қандай мерей керек. Тұтас елдің өркендеуі осындай үлестен құралады ғой», – деді Ақылбек.

Білім ошағындағы «Сахна сыры» үйірмесі оқушылары Қабдеш Жұмаділовтің «Сәйгүліктер» шығармасы бойынша шағын қойылым көрсетіп, Думан Сарқұлов Табылды Досымовтың «Сәйгүліктер» әнін орындауы, сондай-ақ Дильназ Балажанова Айтқали Нәріковтің «Жылқы туралы жыр» өлеңін мәнерлеп оқуы, Армат Сағындық ат әбзелдері мен қамшының түрлерін таныстыруы шараның бәсін арттырды. Ақбөбек Өрес пен Әсем Ибрашева «Менің тұлпарым» атты эсселерін оқыса, Ли Оспан жылқы бейнеленген өз туындысын меймандарға сыйға тартты.

Әли АСҚАР

Суретті түсірген автор