18.02.2019, 9:44
Қараулар: 6
Мерзімді басылымдарға талап: тегеурін, ықпал, нәтиже

Мерзімді басылымдарға талап: тегеурін, ықпал, нәтиже

Өткен жылы «Жайық пресс» медиахолдингінің ұйытқы болуымен құрылған «Бас редакторлар клубының» кезекті көшпелі мәжілісі теректі ауданының орталығы – Федоров ауылында ұйымдастырылды. Бас қосуда өткен жылдың қорытындылары, айтулы беталыстары бар басылымдардың тәжірибелері, уақыт талабынан туындайтын міндеттер жан-жақты сөз болды.

Атырабымыздың заман үніне сай рухани тынысына, бұқарамен байланысты нығайтуға, сонымен қатар журналистердің тәжірибе алмасуына қатысты «Жайық Престің» тың жобалары көпшілікке мәлім. Айтулы шараға қатысушыларды қабылдау кезінде Теректі ауданы әкімі Әділ Жоламанов осындай бастамаларға тілектестігін айта отырып, 40 мың тұрғыны бар аудан тарихына, бүгінгі әлеуметтік-экономикалық өміріне шолу жасады.

Ол осы бас қосуға медиахолдингтің өтінішімен елордамыздан арнайы келген белгілі қаламгер, «Qazaqstan» ұлттық телеарнасының бас редакторы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Қайнар Олжайдың алысқа мәлім журналистік қызметіне ілтипатын білдірді.

Екі облыстық және 12 аудандық басылым басшыларының басын қосқан «Бас редакторлар клубының» мақсат-міндеті жайында
тұжырымдай келіп, «Жайық Пресс» ЖШС-нің бас директоры Рауан Сәбитов осындай көшпелі мәжілісті өткізуді қолдаған аудан әкіміне, теректіліктерге зор ризашылығын арнады.

Осыдан соң сөз алған өңіріміздегі байырғы басылымдардың бірі – «Теректі жаңалығы» газетінің бас редакторы Нұрзия Сисенбаева басылымның келбеті мен мазмұнын оқырман талғамына сай өзгертуге байланысты ізденістері, тілшілер көтерген көкейкесті мәселелер билік тарапынан қолдау тауып келе жатқанын баяндады. Ауылелдің бай шежіресіне тереңірек үңілу, тоталитаризм кезінде бұрмаланған елді мекендер атауларын қайтаруға басылым ұжымы мүдделілікпен атсалысуда. Түйткілді мәселелерге қатысты тұрғындар пікіріне кең орын беріліп келеді.

Жиында медиахолдинг бас директорының бірінші орынбасары Нұрсұлтан Мықтыбай есептік баяндама жасады. Өткен жылдың негізгі қорытындыларына тоқтала келіп, ол «Жайық Пресс» өткен күзде аудандарда ұйымдастырған «Туған жер» этно-мәдени жобасының халықпен байланысты нығайтудағы орны, жоба аясында өткізілген «Өрімтал» жас тілшілер фестивалінің маңызын сөз етті. Мектеп оқушылары арасында келешекте журналист болуға талпынып жүргендерді баулып, оларды ізденіске жетелеуде осындай фестивальдің маңызы өте шексіз. Жас ұрпақ тәрбиесіне олжа салар істегі барлық тәжірибені байыта түскен абзал. «Өрімталға» дайындық барысында кейбір аудандық газет редакторларының білім бөлімдерімен тығыз байланыс ұстай алмағаны сабақ болуға тиіс. Мәселе болашақ кадр әзірлеумен орайлас екені естен шықпасын. Жас тілшілермен тығыз қарым-қатыста үзіліске
жол беруге болмайды.

Медиахолдингтің аудандық басылымдармен жұмыс бөлімінің жетекшісі Тоқтар Кенжеғалиев өз баяндамасында тақырып аясын, тілшілердің шығармашылық талғамының өрісін қамтыды. Ол мысалы, «Орда жұлдызы» (Бөкей ордасы) газетіндегі ұтымдылықты,
«Жедел сұқбат», «Редактор бағаны» айдарларымен берілетін мақалалардың қалың оқырманға ықпалдылығын атап көрсетті. Бөлім жетекшісі өте маңызды бір жайт – жарияланымдарға көпшіліктің үн қосуы, яғни кері байланыстың болуы үшін «сүйекті» мақалалар, ойлы дүниелер жазылуын қаперге салды.

Облыстық және аудандық басылымдар жетекшілері, белгілі журналист Есенжол Қыстаубаев, көшпелі мәжіліске арнайы келген көршілес Индер аудандық «Дендер» газетінің редакторы Жанай Амантұрлин төл авторлар қатарын қалыңдату, жаңа айдарлардың
орны жайында ой-пайымдарымен бөлісті.

Көшпелі мәжілістің алғашқы бөлігін қорытындылаған Р.С.Сәбитов бүгінде сараптамалық материалдарға басымдық беріліп отырғанын, бұл ретте дәстүрлі ақпарат құралдарының көпшілік көкейінен шығуы үшін журналистің жауапкершілігі ерек екенін айтты. Рауан Сәбитұлы мына заманда жұртқа көп ретте салақұлаш жарияланымдар емес, олардың талғамын дөп басқан дүниелердің бағалы болатынын, газет беттеріндегі сынға тиісті орындардан жауап берілуіне қол жеткізу керегін ескертті.

Аудандық мәдениет үйінде Қайнар Олжай шеберлік сағатын өткізді. Тәжірибесі зор қаламгер түрлі басылымдардан нақты мысалдар келтіре отырып, жарияланымдардың танымдық қуатына, тақырыпты терең қаузауға байланысты толғамдарымен бөлісті,
бірсыпыра кемшіліктерді, осалдықтарды ашып берді.

– Өкінішке қарай, бізде журналистердің ізденбейтіні, сөзді ойлы пайдаланбайтыны әлсін-әлсін байқалады. Әріптестеріміз айталық, қазақ әдебиетін жатқа білуі, сөз өнерін үзбей оқып-үйренуі қажет емес пе? Соны білмегендіктен орашолақтықтар түйдек-түйдек ұшырасып жатады. Ізденбейінше мақаланың мазмұны мен формасы үйлесім таппайды. Логиканы мықты меңгермей журналист болу деген ақылға сыймайды.

Тілшілердің күн ілгері дайындалмай, тақырыпқа байланысты зерттеулер жүргізбей тұрып жазған мақалаларынан шалағайлық бірден байқалады. Сондықтан игерілмей жатқан тақырып қордалана береді. Сөйтіп, басылымға нұқсан келеді, – деді Қайнар Қалиақпарұлы.

Қ.Олжай сондайақ жарияланымдарды редакциялауға ұңғыттық, мұқияттылық қажеттігін, тіліміздің заңдылығын бұзып басылып жататын мақалалар да аз емесін мысалдармен әңгімеледі. Басылымдарда жамағат үшін пайдалы кеңестерді жиі беріп отыруды да айта кетті.

Шеберлік сыныбынан соң көшпелі мәжіліске қатысушылар үшін Ғ.Құрманғалиев атындағы облыстық филармонияның әншілері Айдана Әжіғалиева, Алтынбек Оразов, Айбек Тұрарбеков, Айбар Хайырханов, Дархан Құлбабаев, теректілік өнерпаздар Айбек Дәулетқалиев, Таңат Жексенбаев, Қайрат Сағидуллин, Камшат Қадырғалиева, «Жұлдыз» үлгілі би ансамблі концерт берді.

Сахна төріне көтерілген аудандық мәслихаттың хатшысы Әлжан Жақсыгерейұлы «Qazaqstan» ұлттық телеарнасының бас редакторы Қайнар Олжайға, Атырау облысы, Индер аудандық «Дендер» газетінің бас редакторы Жанай Амантұрлинге, «Жайық
Пресс» ЖШС бас директоры  Рауан Сәбитовке және бас директордың бірінші орынбасары Нұрсұлтан Мықтыбайға аудан әкімінің естелік сыйлықтарын табыстады. Медиахолдинг басшысы Р.Сәбитов аудан әкімдігіне тағы да алғысын білдірді. Ол өткен жылдың
қорытындысымен салтанатты жағдайда аудандық басылымдарды түрлі аталымдар бойынша марапаттады. Аудандық газеттер арасынан Бөкей ордасының «Орда жұлдызы» газеті «Үздік аудандық басылым» атанды.

Болат ЕСҚАЛИЕВ

Суретті түсірген Темірболат ТОҚМАМБЕТОВ