18.02.2019, 12:11
Қараулар: 11
Жас жұбайлардың қайырымы

Жас жұбайлардың қайырымы

Облысымыздағы «Жақсылық жаса!» жастар марафонын Ақжайық ауданында тура отау көтерген күні чапаевтық Амангелдиевтер де қолдады. Жас жұбайлар Тынымгерей мен Мәлика өздерінің үйлену тойы кезінде арнайы уақыт бөліп аудан орталығындағы бір көпбалалы отбасына азық-түлік толы қоржынды жеткізіп және 20000 теңге қаржылай жәрдем көрсетті. Жанұялық өмірін шарапатты іспен бастаған жастар, сөйтіп, тоғыз баланы дүниеге әкеліп, өсірген отағасы мен отанасының алғысына бөленді.

– Үйлену тойы өміріміздегі ең үлкен қуаныш. Біз жұп болып қадам жасаған өміріміздің алғашқы сағаттарын қолымыздан келгенше қайырымдылықпен бастағымыз келді. Осындай ниетіміз бар екенін ата-анамызға білдіріп едік, олар қуана қолдады. Біз мұны ат шығару, мақтан үшін емес, жүрек қалауымызбен жасадық. Басқа да жас жұбайларды ойландырғымыз келеді, – дейді жыл қорытындысымен аудандағы үздік жас полиция маманы болып танылған Тынымгерей.

Бекем БЕКҰЛЫ