18.02.2019, 12:24
Қараулар: 17
Туризм техникасынан топ жарды

Туризм техникасынан топ жарды

Аудан командасы Оралда облыстық білім қызметкерлері арасында өткен туризм техникасы жарысында жеңімпаз атанды. Команда құрамындағы Бейбіт Әбіров (Тайпақ орта мектебі), ерлі-зайыптылар, оқытушылар Ақтілек пен Қолғанат Маратовтар (Краснояр орта мектебі), аудандық балалар-жасөспірімдер туризмі орталығының қосымша білім беру педагогтері Азат Ғилман, Самал Ерәлиева, Әди Темірболат, Асхат Халилов ізденімпаз, тәжірибелерін толыстырған мамандар ретінде танылды.

Айталық, биіктіктен төмен түсу немесе серпантин әдісімен көтерілу, азимут анықтау, мұздан өту секілді жеке қашықтық сынағында А.Ғилман туризмнен облыстық құрама командасының мүшелігіне қабылдануы да әріптестеріне зор қуаныш әкелді. Техникалық қашықтықта «зардап шегушіні» жоғары көтеру, траверс кезеңінен өту, жумармен көтерілу, қар көшкіні аймағынан өту секілді кросс-жорықта да, эстафета сайыстарында да ақжайықтықтар 12 команданы артқа калдырды.

Дәл осындай жарыс мектеп оқушылары арасында өтті. Ауданымыздың намысын Краснояр орта мектебінен жаттықтырушы Қолғанат Маратов бастаған жас туристер абыроймен қорғап, жеңімпаз атанды. Шаңғы жорықтары есебі, кросс-жорық, техникалық қашықтық шарттарынан олар алдарына жан салмады. Жеке қашықтықта Рамиль Шамсутдин чемпион атанды. Темірлан Сисенбаев, Еламан Асанов облыстық құрама команда мүшесі атанып, республикалық шаңғы туризмі техникасы кубогіне қатысатын болды.

Осы жетістіктермен қатар ауданға жеткен мына бір ақжолтай жаңалық бізді, туризмнен шәкірттерімізді ерекше қуантып, толқытты. Ақсуат ауылындағы орта мектептің 2014 жылғы түлегі, бірнеше рет аудан, облыс, республикалық туризм жарыстарының жеңімпазы, бүгінде Алматыда тұратын Аманер Темірбаев Қарақорым тауында орналасқан ең қиын шыңдардың бірі Чогори (К-2)
шыңын (8611 м.) бағындыруға халықаралық экспедиция мүшелерімен және жетекшісі В.Певцовпен бірге аттанып кетті. Мұндай азаматтарымыз кейінгі буынға зор өнеге екені кәміл.

Қуаныш АҚҚАЛИЕВ,

туризмнен қр еңбек сіңірген нұсқаушысы

Түсініктеме