20.02.2019, 9:16
Қараулар: 611
Ардагерлер арасында «Ұлы дала ұлағаты» атты сайыс өтеді

Ардагерлер арасында «Ұлы дала ұлағаты» атты сайыс өтеді

Елбасымыз Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» және «Ұлы даланың жеті қыры» мақалаларын басшылыққа ала отырып, халықтық мақсатмұраттарды жүзеге асыру бағытында Ақжайық аудандық ардагерлер кеңесі алдағы наурыз айында ардагерлер арасында «Ұлы дала ұлағаты» атты ақсақалдар сайысын өткізуді жоспарлады.

«Ұлы дала ұлағаты» атты аудандық сайыстың алғышарттары мен мақсаты: 

Елбасының бағдарламалық мақалаларындағы тапсырмалар мен міндеттерді орындау жолында аудандық ардагерлер кеңесінің үлес-салмағын арттыру; өскелең ұрпаққа өнеге болар ата салт-дәстүрлерімізді, дала демократиясының негіздерін, дініміздің, діліміздің, тіліміздің, өнеріміздің терең тарихын насихаттау; сол арқылы ауылдық ардагерлер кеңестерінің жұмысын жандандырып, соны бағыттар нұсқау.

Шараның уақыты: наурыз, 2019 жыл (күні қосымша хабарланады). Өтетін орны: аудан орталығындағы «Мерей» МДО.

Ауданның әр ауылдық округінен бір-бірден ардагер қатыстырылады. 

Үміткерлердің қатысуын арда герлер кеңестері ауылдық округ әкімдіктерімен бірге қамтамасыз етеді.

Үміткерлер ұлттық киімде болуы шарт (ғұн, сақ, қыпшақ дәуіріндегі киімдер үлгілерін дайындап киюге де болады. Мысалы, жауынгерлік немесе жәй киімдер. Бұл – бірқалыптылықтан арылуға, жан-жақтылыққа, ізденгіштікке жол ашады).

Сахна мәдениеті, абыздық қасиет, сан қырлы өнерпаздық (ағаш шебері, өрімшілік, металл оюлау (зергерлік), ұлттық өнер түрлері) ескеріліп, бағаланады. Ат, атбегілік туралы білігі сараланады.

Қатысушылар сахнада өздерін таныстыруды (3-5 минут) кез келген музыкалық аспаптың сүйемелінде немесе шешендік сөзбен айшықтауы,  жеті атасын атауы шарт. Туған жерін, өлкесін, даңқты ата-бабаларын таныстыру да артық болмайды.

«Сөз – сиқыры сырлы әлем» атты бөлімде атадан қалған асыл сөздерді, шешендік толғамдарды, тапқыр, ұтымды диалогтарды жатқа (еркін) айту; ақын-жыраулардың терме-толғауларынан, жырқиссалардан үзінді (1-3 минут) оқуы шарт.

«Сегіз қырлы, бір сырлы» бөлімінде ағаштан, темірден жасалған бұйымдарға (жасалу жолын айту, өзге шебер жасаған дайын өнімдер бағаланбайды) түсінік беруі керек.

«Өнер көзі – халықтың өзі» бөлімінде – өнер көрсету. Яғни ән немесе би, күй орындау, ия болмаса, гір тасын көтеру (16 кг) немесе көз байлау (фокус) өнері. Үміткерлердің таңдауына ерік беріледі.

Жеңімпаздар бағалы сыйлықтармен және арнайы аталымдағы дипломдармен марапатталады.

Аталымдарды қазылар алқасы тағайындайды. Шараның шарттары бойынша сұрақтармен аудандық ардагерлер кеңесіне хабарласуға болады.

Аудандық ардагерлер кеңесі