20.02.2019, 10:05
Қараулар: 218
Табиғат тасырлықты көтермейді

Табиғат тасырлықты көтермейді

Табиғат – адам бойына қуат, көңіліне шабыт, сезіміне ләззат шапағын шашатын сұлулық пен әсемдік әлемі, баға жетпес байлық екені мәлім. Талбесігімізде жасыл желектің орны өз алдына орасан. Орман – ел дәулеті, жер сәулеті. Мұны күзету, қорғау, мемлекеттік орман қоры аумағында тал өсіруді, экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз етуді біздің мемлекеттік мекеме ұжымы зор мүдделілікпен орындауға әрдайым ұмтылып келеді.

Мемлекеттік орман қорының жалпы ауданы 30306 гектар, мұның тал-терекпен көмкерілгені 8171 гектар жерді құрайды. 2018 жылы жоспарлы екпе 50 га. жерде отырғызылды. Көктемгі көшеттер егуге 110 мың дана, толықтыру жұмыстарына 80 мың дана, яғни қоса алғанда, алдыңғы жылдағыдан 20 мыңға көп көшет жұмсалды. Көшеттердің барлығы өз тұқым бағымыздан таратылды. «Жасыл даму» бағдарламасын іске асыру мақсатымен елді мекендерді көгалдандыру үшін 700 дана көшеттер жіберілді.

Орман өртінің алдын алу мақсатында жоспарлы 200 шақырым жерде минералдандырылған алқаптарды орналастыру, 700 шақырым жерде күтіпбаптау жұмыстары орындалды. Орманның санитарлық жағдайы ұдайы бақылануда. Жыл сайын 803 га. аумақта орман зиянкестерін анықтау мақсатында патологиялық тексеру жүргізіледі. 15 шақырым жерде орман орам соқпағы, 8
шақырым жерде орман жолдары ретке келтірілді.

Биыл екпе отырғызуға 35 га. жер дайындалып, бұл алқапты күтіп-баптау жұмыстары жүргізілуде.

Екпелердің стандарттық деңгейі үшін 3 га. тұқым бағымызды жылма-жыл қажетті дәнмен қамтамасыз жасаймыз. Жыл сайын қажетті мөлшерде, яғни 400 кг. тұқым егілді. Жоспарға сәйкес, қарағаш, жиде, үйеңкі, шаған, акация тұқымдары Қостанай аумақтық тұқым зерттеу стансасына жіберіліп, класы айқындалады.

Былтыр Тайпақ ауылдық округіндегі Шабдаржап ауылында пайдалануға берілген жаңа орта мектеп ауласына 100 дана үйеңкі, 50
дана шаған, жасыл дуал үшін 4500 дана топтама қарағаш көшеттерін отырғыздық. Балаларды табиғат-анаға, күллі жаратылысқа деген сүйіспеншілікке баулып, адам баласының айнала ортамен үйлесімді дамитынын ұғындыру біз үшін парыз болып табылады.
Сондықтан барлық ауылда білім ұяларымен, жастармен мығым байланыстамыз. Тәжірибелі қызметкерлеріміз олармен дәрістер өткізіп тұрады.

Мемлекеттік орман қоры аумағында «тілсіз жаудың» алдын алу мақсатында өртпен күрес бекетін құруға бюджеттен қаражат бөлініп, 10 сарбазбен, қажетті жабдықтармен, құралдарымен қамтамасыз етіліп келеді. Өртпен күрес жаттығулары жөнінде де
тәжірибе қалыптасуда. Тайпақтағы №18 өртпен күрес бөлімі қызметкерлерімен ұдайы тығыз байланыстамыз.

Өткен жылы 170 рейдтік шолу жүргізіліп, табиғатты қорғау заңнамасын бұзушылықтың 17 оқиғасы анықталды. Айталық, полиция бөлімі қызметкерлерімен бірге жүргізілген шолу кезінде заңсыз ағаш кесуге байланысты 2 хаттама толтырылды. Басқа да келеңсіздіктер – тоғайда өрт қауіпсіздігін сақтамау, арнайы сілтеме-белгіні бүлдіру, жазда заңсыз мал жаю, қоқыс тастау секілді келеңсіздіктер үшін 25 тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылып, олардан 155122,5 теңге айыппұл өндірілді.

Облыс әкімдігінің қолдауымен «Таза орман», «Таза жағалау» облыстық акциялары жыл сайын өткізіліп жүргені тұрғындарға мәлім. Орман жағдайын жақсартуда, жастарды қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарауға тәрбиелеуде бұлардың орны зор. Көптеген еңбек ұжымы, ауылдықтар тартылатын осы шаралар бұқарамен байланысымызды нығайтып келеді. Биылғы қалың қар
табиғат сақшыларын дүркіндүркін жедел атқа қондыруда. Соңғы 20 күнде жұмысшықызметкерлеріміз аңдар үшін 45 центнер шөп, 626 келі жем, 4200 дана буылған бұтақша, 57 келі тұзды алаптарға таратты, орман жануарларының үйреншікті астауларына салды. Жабайы аңдардың қыстамасы ойдағыдай өтуі үшін ұжым бүкіл тәжірибені жұмсауда.

Сондай-ақ, Жайықтың су қоймаларындағы балықтардың тұншығуына жол бермеу мақсатында Степной, Алмалы, Бағырлай, Антон қарасуларында көлемі 1,20х1,20 метр, бұдан да ауқымды 60 ойық, 184 шағын ойық жасақталды. Сонымен қатар сусорғылармен суды ойықтан ойыққа лақтыру орындалуда. Бұл суда оттегінің көбеюіне молынан септесетін әдістің бірі.

Иә, табиғат адамның мәпелеуін, сүйіспеншілігін қажет етеді, ал тасырлықты көтермейді. Салдыр-салақтықты жазалайды. Мұны қаперден шығармаған жөн.

Құрманғазы ҚУАНШАЛИЕВ,

Тайпақ орман және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мемлекеттік мекемесінің директоры, аудандық мәслихат депутаты