22.02.2019, 9:14
Қараулар: 205
Аналарға қошемет

Аналарға қошемет

Елбасының 2019 жылғы 23 қаңтардағы Жарлығымен біздің ауданнан Айнагүл Қабиева (Ақжол ауылдық округі) мен Әйгерім Қапиева (Тайпақ ауылдық округі) «Күміс алқамен» наградталды.

Апта басында аудан әкімі Қалияр Айтмұхамбетов Айнагүл Кеңесқызын қабылдап, оны осы айтулы марапатымен құттықтады, награданы табыс етті.

А.Қабиева үлкен отбасында өнегелі ұл-қыз тәрбиелеп отырған аналардың бірі, Ақжол ауылдық округінің Қабыл ауылындағы Ілбішін негізгі мектебінде еден жуушы қызметінде. Жұбайы Ғалым Пендебаев осы мектептің шаруашылық жұмысшысы. Олардың мектептегі балалары оқу озаттары және екпінділері болып табылады.

Аудан әкімі осындай перзенттер өсіріп отырған атаананың еңбегіне шын жүректен қуанышын жеткізді, Айнагүл Кеңесқызына естелік сыйлық тапсырды. Қ.Айтмұхамбетов сондай-ақ Шабдаржап ауылында болып, Әйгерім Асқарқызына аталған награданы және естелік сыйлығын салтанатты жағдайда табыс етті. Ол өздерінің жанұясында алты баланы мәпелеген ана мен оның жұбайы Әскербек Елеусіновтің өмірде барлық игі мақсаттары орындалуына тілектестігін білдірді.

Өз тілшіміз