22.02.2019, 9:16
Қараулар: 26
Өнер – елдің рухани қуаты

Өнер – елдің рухани қуаты

Аудан әкімі Қалияр Айтмұхамбетов Жамбыл ауылдық округіне қарасты Үштөбе елді мекеніндегі клуб меңгерушісі, белгілі дәстүрлі әнші Данияр Елеуов пен «Жайық таңы» газетінің тілшісі, жас ақын Бекболат Қаленовті қабылдады.

Данияр Елеуов жақында Атырау қаласында өткен Ғарифолла Құрманғалиевтің 110 жылдығына арналған «Ақ Жайықтан ән оздырған» атты І республикалық дәстүрлі әншілер байқауында І орынды иеленуімен ақжайықтықтарға зор қуаныш сыйлады. Бұрыннан алқа топта олжа салып жүрген оның жетістіктері өнерсүйер қауымға жақсы белгілі.

Айтыс өнерімен қатар жазба поэзияны жанына серік еткен Бекболат Қаленов те өнер бәйгелерінде айтулы нәтижелерге жетіп келеді. Мысалы, жақында ғана Қызылорда облысында Жастар жылына арналып өткен «Жастықтың оты жалындап!» атты респуликалық жас ақындар айтысында республикалық «Айқын» газетінің жүлдесін иеленді.

Аудан басшысы оларды өнер жолындағы табыстарымен шын жүректен құттықтады. Ол мәдениет, өнер өкілдеріне қолдау қашан да кем түспейтінін айтты. Қ.Айтмұхамбетов сондай-ақ тәжірибелі мәдениет қызметкерлерінің, алдыңғы толқын өнерпаздардың балғын ұл-қыздарды елдің рухани қуаты болып табылатын өнерге жетелеуі үшін сан қырлы жұмыс керегін атап көрсетті.

Әкім жүлдегер азаматтарға естелік сыйлықтар тапсырды. Игі тілегі және шығармашылықтағы жоспарларына ықылас танытқаны үшін олар аудан әкіміне ризашылықтарын арнады.

Құрмет ҚАДІР

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар