1.03.2019, 10:02
Қараулар: 641
Ұлы даланың қастерлі мейрамы

Ұлы даланың қастерлі мейрамы

Жалпыхалықтық мереке – Алғыс айту күнінде юіз миллиондаған адамның өз ұлттық ерекшеліктерін сақтап, бақытын тапқан Отанына айналған киелі Қазақ жеріне, қайырымдылығы мен кеңпейілдігі, даналығы мен қонақжайлылығы үшін жер иелеріне алғыс айтамыз. Қиын-қыстау жағдайда бір-біріне қолұшын созып, иық тіреп, көмек көрсету – Ұлы дала халқы үшін жазылмаған заң. Мұндай дүниетанымның негізінде адамға деген шынайы құрмет қалыптасқан.

Көптеген жыл бойы миллиондаған тағдырлардың тоғысуы, жүздеген этностардың өзара араласуы, дәстүрлері мен өмірлік ұстанымдарының ұштасуы Тұңғыш Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың сындарлы саясаты арқасында ерекше рухани және бірегей мәдениеті қалыптасқан еңселі ел болуымызға негіз қалады. Бұл Қазақстанның тәуелсіздік жылдары  қол жеткізген барлық жетістіктерін айқындап, үшінші жаңғырудың міндеттерін абыроймен орындауға берік іргетас болып отыр.

Алғыс айту күні Қазақстан халқына тән асыл қасиеттер – патриотизм, абырой мен әділдік, құрметтеу мен ізгілік ерекше жарқырап көрінеді. Бұл күні біз ата-бабаларымызды ризашылықпен еске аламыз, ата-аналарымызға, мұғалімдерімізге, зейнеткерлерге, ардагерлерге, бір-бірімізге алғыс айтып, халқымыздың қайырымдылық дәстүрлерін жалғастырамыз.

Мен де жұртымызды Алғыс айту күнімен, Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылған күнімен құттықтаймын, ортақ үйіміздегі бейбітшілік пен келісім үшін баршаңызға ризашылығымды арнаймын. Біз тарихи зердені сақтау және жалпыұлттық құндылықтарымызды еселеу арқылы ғана ортақ мақсатымыз – тұрақты, өсіп-өркендеген Қазақстанды құратынымызға сенімдімін!

Юлия НҰРЛАНҚЫЗЫ,

Ақжайық тарихи-өлкетану музейінің экскурсоводы