1.03.2019, 10:07
Қараулар: 14
Түзу ниет тіршілікті ажарландырады

Түзу ниет тіршілікті ажарландырады

Мерекелі наурыз айына жеттік. Алғыс айту күнімен басталатындықтан бұл айдың жөні бөлек, жосығы ерекше.

Бауырмалдық, мейірбандық, достық, қамқорлық сынды құндылықтар – қазақ халқының табиғи болмысында бар адамгершілік асыл қасиеттер. Соның нәтижесі болар, бүгінде қазақ топырағында өмір сүріп жатқан қаншама ұлт пен ұлыс бір шаңырақ асында өзара сыйласып ғұмыр кешуде. Жиырма бір ұлттың өкілі тұратын біздің ауданымызда да солай.

Бұл күн – Қазақстанның тағдыр тоғыстырған көпұлтты халқының тарихын құрметтеу күні. Бұл күн – жақсылықтың, инабат пен ізгіліктің мерекесі. Достық пен бірліктің, ынтымақтың мейрамы. Бұл күн – қиынқыстау кезеңде, репрессия мен жер аудару жылдарында мейірім мен қолда барын бөліскен ақжарқын халыққа ризашылық айту күні.

1 наурыз мерекесі құрметіне ауылымызда «Қамқорлық қайырымдылық» акциясы ұйымдастырылды. Оның барысында табысы аз отбасыларға ақшалай да, заттай да, мектеп оқушыларына киім-кешекпен көмектер берілді. Осы орайда, мысалы, «Шынар» шаруа қожалығының иесі Темірболат Қаржауовқа, «Әнуар» шаруа қожалығының иесі Әнуар Қуанышевқа, «Динара» дүкенінің иесі Қазима Башпаеваға қабыршақтылардың ризашылығы өте зор. Олар мейірімділік қозғалыстарына қашан да атсалысып келеді. Түзу ниет, кіршіксіз пейіл тіршілікті түлетеді, ажарландырады. Алғысқа бөленген жандар Алланың да шарапатына кенеледі. Бұл сөзсіз. Ауылымызда Алғыс айту күніне арналған іс-шаралар одан әрі жалғасын табуда.

Мұхсина МҰҚАНҒАЛИЕВА,

Бітік мектеп-бөбекжай кешенінің әлеуметтік педагогі 

Қабыршақты ауылы

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар