1.03.2019, 10:12
Қараулар: 578
Бақуаттылық белестері

Бақуаттылық белестері

Жанна НҰРЖАНОВА,  аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы:  — «Нұр Отан» партиясының XVIII съезі ауылымызда өткен аналардың аудандық форумымен тұстас келгендіктен, съезд қорытындылары жайында бірден жанжақты пікірлесудің сәті түсті. Елбасымыздың сөйлеген сөзі дамудың қазіргі кезеңіндегі әлеуметтік саясаттың міндеттерін айқындайтын стратегиялық маңызды құжат болды. Бұл туралы БАҚ-тағы үнқосуларда өте дұрыс айтылуда, аталған форумға қатысушы әйел-аналарымыз да соны атап көрсетті. Азаматтардың мемлекет тарапынан қолдау күткен сауалдары Елбасы тапсырмаларында дәл жауаптарын тапты.

Бүгіннің негізгі міндеттері – халықтың аз қамтылған топтарының табыстарын арттыру және қолдау, кірісі төмен азаматтардың тұрғын үй мәселелерін шешу, білім беру және денсаулық сақтау салаларын жақсарту, өңірлерді кешенді дамыту. Отбасылардың әл-ауқат деңгейін арттыру бойынша нақты қадамдар ұсынылды. Кірісі төмен көпбалалы отбасыларға арнап 40 мыңнан астам жалға берілетін пәтерлер салынып, несиелеудің жеңілдікті жаңа тетігі әзірленеді. Әр балаға берілетін ең төменгі төлем мөлшері 21 мың теңге шамасында. 2019 жылғы 1 шілдеден бастап бюджет саласының төмен жалақы алатын қызметкерлерінің жалақысы 30%-ға, ал жергілікті атқарушы органдардың төмен деңгейдегі қызметкерлерінің жалақысы орташа есеппен 25%-ға ұлғаяды. Президент елдегі өмір сүрудің жаңартылған өңірлік стандарттарына негізделген Жаңа картасын қалыптастыруға тапсырма беру де еліміздің ертеңгі кең тынысынан хабар береді.

ҚХА «Нұр Отан» партиясымен бірлесіп, Мемлекет басшысы тапсырмаларының орындалуына тұрақты негізде қоғамдық бақылауды тегеурінді ете түседі. Бұл нақты нәтижелерді молайтары сөзсіз деп есептеймін.

Мемлекеттің ең негізгі мұраты – әр қазақстандықтың бақуатты болуы. Соның бәрі Елбасының «Қазақстандықтардың әлауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» Қазақстан халқына Жолдауын іске асырудың қисынды жалғасы болып табылады. Біз өз қызметімізде жауапкершілікті арттыра түсуге тиіспіз. Айталық, барлық жердегідей, бүгінде аз қамтылған отбасылардың жай-күйін
байқастап, зерттеуді тереңірек жүргізу қолға алынды. Бүгінге 874 жанұя жөнінде құжат қамдалды, бұлардың 622-сі көпбалалы, 20- сының баспана жағдайы жақсартуды қажет етеді.

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар