4.03.2019, 17:15
Қараулар: 442
Бізге байыптылық керек

Бізге байыптылық керек

Гүлжанат ТІЛЕГЕНОВА, көпбалалы ана, Бударин орта мектебінің мұғалімі: Жылдар бойынша салыстырмалы түрде алғанда, еліміз тәуелсіздіктің аз ғана кезеңінде талай ірі жетістіктерге қол жеткізді. Бұрын арман болған небір істер орындалғанына дос та, дұшпан да куә.

Толғауы тоқсан тіршілік осалдықсыз, кем-кетіксіз болмайды, әрине. Бұлардың орнын толтыру жөнінде де соңғы жылдары ауқымды қам-қаракет атқарылды. Алайда халықтың әлеуметтік әлсіз бөлігін қолдауға қатысты біраз мәселе қордаланып қалғаны тағы белгілі. Елімізде осыған байланысты ұланғайыр міндеттер қолға алынатынына «Нұр Отан» партиясының кезекті съезінен көз
жеткіздік. Мемлекет басшысы, әсіресе атаулы әлеуметтік көмектің жаңа жүйесіне байланысты алға қойған межелер көпшіліктің ойынан шыққаны сөзсіз деп білемін. Көпбалалы және аз қамтылған отбасыларға алдағы кезде бүгінде алып жүрген бірнеше әлеуметтік төлемдер құнына тең бірыңғай жәрдемақы қарастырылуының өзі шетін жайттарға қатысты қарымды шешімталдық деп ойлаймын. Жаңа баспана саясаты жалға берілетін баспаналардың кең ауқымды құрылысын жүргізуге бағдарланатыны да елге тілектес жан ретінде мені қуантады. Елбасының «Нұр Отан» елдің проблемаларына баса көңіл бөліп, осы жұмыстың басында болуға тиіс. Бұл орайда белгілі бір тәжірибе бар. Мысалы, біздің партиялық ұйымдардың атсалысуы арқылы 22 мыңнан астам мүмкіндігі шектеулі азамат жұмысқа орналасты», – деп атап көрсеткені партия үшін зор абырой. Еліміздегі жетекші саяси күш заман талабына сай әрдайым серпіліс танытарына өз басым әбден сенемін.

Өткен уақытта менің жақсы байқағаным – халықтың жұмыспен қамтылуы, кәсіпкерлікті өркендетуі, жастардың еңбекке орналасуы,
басқа да бағыттарға қатысты Қазақстанда бар ауқымды бағдарламалар көптеген елде жоқ. Мұны бағалай білуіміз керек. Өкінішке қарай, кейбір жерде отбасылар тап болып жататын қиыншылықты пайдаланып, қара аспанды төндіріп, күрмеуді қалыңдатып, ел ішінде іріткі салуға тырысушылар байқалып қалады. Ойлы жандар сырты күлім, іші жылымдарға ермейді деп білемін. Бізге байыптылық, тұрақтылық керек. Балаларымыздың амандығы үшін, олар «Отаным – оттан да ыстық» деп өсуі үшін, еңбекке үйренуі үшін қолдан келгеннің бәрін жасауға тиіспіз.

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар