5.03.2019, 9:06
Қараулар: 650
Оқушының қырағылығы

Оқушының қырағылығы

Тайпақ ауылында 22 ақпан күні сағат 17:55 шамасында Әлия Молдағұлова атындағы көше бойындағы №13/1 пәтер өртенді. 1981 жылы сығымдалған бес қабат ағаш үгіндісі материалынан салынған үйде от тоңазытқыштың тұсынан шыққан. 51 шаршы метрді қамтыған «тілсіз жау» біраз жеке тұрмыстық заттарды жойды. төбе толық жанып кетті.

Қ.Байсықов атындағы орта мектептің 11-сынып оқушысы, сол пәтердің көршісі Мирас Жүнісов үйдегі 8 жасар ұл мен 1967 жылғы ер адамның жедел шығуына көмектескен.

– Мектептен келе жатқанымда терезеден жарқ еткен нәрсені көрдім, – дейді ол. – Басында үйдің өртеніп жатқанын білмедім. Кейін от күшейіп кеткенін байқап, солай қарай жүгірдім. Қақпасы кілттеніп тұрды, бірақ үйдің есігі  кілттенбеген. Ішке кірсем, қара түтін дым көрсетпеді. Көрші үйге барып, өртпен күрес бөліміне хабарласайын деп жатқанымда әлгі пәтерден кішкентай баланың дауысы естілді. Дереу үйдің ішіне кіріп, баланы алып шықтым. Қорқып қалған, үйде кім бар екенін сұрасам, айта алмады қалшылдап. Кері кіре бергенімде, жөтел естілді. Естілген дауысқа қарай барып, сірә, өрт шығардан бұрын ұйықтап жатса керек, ер адамның шығуына көмектестім. Кейін көрші Жадыра апайдың үйіне баланы апардым. Апай өртпен күрес бөліміне хабарласты. Сөндірушілер келгенше көршілер бар, бәріміз шелекпен су тасып, отқа шаштық.

– Біздің жеке құрам өртті 2 сағат ішінде сөндірді. Жарлас пәтердің бір бұрышы жанған. Ал Мирас Жүнісовтің батыл, жедел қимылына өте ризамыз, оны мақтан тұтамыз, – дейді №18 өртпен күрес бөлімінің бөлімше командирі Еркебұлан Нұғманов.

Қазіргі таңда үйі өртенген отбасы басқа уақытша баспанада тұрады. Бұл отбасыға ауылдастары қажетті дүниелермен көмектесуде.

Бекем БЕКҰЛЫ, 

Тайпақ ауылы