5.03.2019, 9:11
Қараулар: 463
Тұлпарын баптап жігіттер…

Тұлпарын баптап жігіттер…

Жамбыл ауылдық округінің Үштөбе ауылында ат спортынан «Ұлы дала ойындары» атты аудандық турнир өтті. Ұлттық спорт түрлерінің мәртебесін бекіту мақсатында Үштөбеде осындай ойын түрлері әлсін-әлі өтіп, дәстүрлі үрдіске айналуда. Аталған шарада Чапаевтан «Құлагер», алаң иелерінен «Үштөбе жастары», «Үштөбе барысы» командалары көкпар мен аударыспақтан сайысқа түсті.

Қатысушыларды аудан әкімінің орынбасары Тілек Ғабдушев пен Жамбыл ауылдық округінің әкімі Қайыржан Елешов құттықтады.

Олар жылқыны қолға үйрету арқылы біздің бабаларымыз өз дәуірінде айрықша үстемдікке ие болғаны, ту ұстаған салт атты жауынгердің бейнесі батырлар заманының «мәдени кодының» ерек элементі болғаны туралы Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында жан-жақты айтылғанын баяндады.

Аудандық «Жігер» спорт клубы және үштөбелік жастардың бастамасымен өткізілген ойындарда жылқы  үстінде мығым, қайрат-күші мол, батыл да төзімді жігіттер қатары қалыңдап келе жатқаны байқалды. Айта кету керек, ауылдардан Шапағат Наурызов, Жанәділ Ғазизов, Әлжан Досмақов, Мираж Науқымов, Болат Аткеев сынды азаматтардың ат спортын кеңінен өркендетуге қосып жүрген үлестері сүбелі.

Көрермен қауымның делебесін қоздырған көкпарда күткендегідей, «Үштөбе жастарының» тегеуріні, айласы басым түсіп, жеңімпаз атанды. Ал аударыспақтан 70 келі салмақ дәрежесінде І орынды иеленген Қайнар Исмағұловқа  («Құлагер» командасы) «Ораш»
жеке кәсіпкерлігінің иесі Данияр Елеуов қой сыйға тартты. ІІ орынды да «құлагерлік» Айдос Алданов, ІІІ орынды Қанағат Мақсотов (Үштөбе ауылы) алды. +70 келі салмақта жеңімпаз атанған Амангелді Қалиақберовқа («Құлагер» командасы) «Амира» шаруа қожалығының жетекшісі Есен Қабанов екі ірі қара малын сыйға тартты. ІІ орынды Жанәділ Ғазизов (Құрайлысай ауылы), ІІІ орынды Ринат Абатұлы (Чапаев ауылы) бөлісті.

Әли АСҚАР,

Үштөбе ауылы