5.03.2019, 9:21
Қараулар: 163
Көктемгі су тасқынына әзірлік қалай?

Көктемгі су тасқынына әзірлік қалай?

Чапаевтың орталық алаңында төтенше жағдайларда қолданылатын техника түрлері мен жабдықтар қатар түзді. Осында аудан әкімі Қалияр Айтмұхамбетов көктемгі су тасқыны оқиғалары орын алған жағдайда оған төтеп беру үшін аудандық азаматтық қорғау құрылымының дайындығын пысықтады.

Аудандық төтенше жағдайлар, өртке қарсы қызмет, аудандық полиция бөлімдері, аурухана өкілдері, №6 жедел құтқару жасағы, сауда және тамақтандыру, көлік қызметтері, басқа да тиісті мекемелер өкілдері көктемгі су тасқынына әзірлік барысын, техника мен құралдардың жарамдылығы туралы баяндады.

Төтенше жағдайлар бөлімінің басшысы, азаматтық қорғау майоры Темірхан Қажығалиевтің айтуынша, биыл аудан аумағында қар былтырғыдан үш есе көп түскен.

Төтеншеліктердің болжамы бойынша, Тасқала ауданы аумағынан келетін қарғыннан Алғабас ауылдық округі аумағында қолайсыздықтар болуы мүмкін. Аудан орталығында, басқа ауылдық округтерде жағдай тұрақты болады деп күтілуде.

Аудан әкімі көктемгі тасқынның алдын алу үшін барлық қамданысты жасап, табиғаттың тосын мінезіне төтеп берудің сақтық шараларын күшейту керегін айтты.

Рахмет ҚАЛИ

Суретті түсірген Нұрбек ИХСАН